Кентаудағы ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартты

401

Кентау қаласында инсульт орталығы ашылды. Қатерлі сырқатты емдеу үшін жаңа бөлімге компьютерлік томография қондырғысы орнатылған. Озық үлгідегі медициналық техника инсульттен зардап шеккендерге нақты диагноз қоюда таптырмайтын құрал.

Күрделі дертке шалдыққан кентаулықтар бұған дейін облыстық ауруханаға барып, ем қабылдайтын. Енді олар қаладағы емхананың көмегіне тегін жүгіне алады.

Кентау қаласындағы жаңа инсульт орталығының ашылу рәсіміне қалалықтар асыға келді. Бұл – көптен күткен жаңалық еді. Салтанатты шараға ардагер дәрігерлер, түрлі медицина саласының мамандары мен облыс әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Рәсім аясында жергілікті ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартылды. Жаңадан құрылған орталық компьтерлік томография құрылғысымен жабдықталған. Бұл медициналық аппараттың бас миы, ішкі органдар мен барлық сүйек құрылымдарының жүйесіндегі дертті анықтауда қауқары зор.

Жолдыбай Құрманбаев, Кентау қалаласы орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері: «Компьютермен түсіргеннен кейін қай жерде қан жиналғанын, қай жерде қандай ақау бар екенін бәрін анықтап көреміз. Соның арқасында ары қарай процесстер жалғаса беретін болады. Басқа жерге бармай осы жердің өзінде көмек көрсетілетін болады. Соның ішінде реанимация бөлімінде 2 палата бар. Сосын неврологиялық бөлімшенің құрамынадағы 14 төсек орындық жерге де жайғаса алады. Бұдан шыққан соң алғашқы көмек көрсетілетін және екінші деңгейлі көмек көрсететін орындар болады. Соған жібереміз.

Емханадағы компьютерлік томография кабинеті процедуралық және пультті басқару секілді 2 бөлімнен тұрады. Заманауи үлгідегі медициналық техниканы сатып алуға облыстық бюджеттен 269 млн. 500 мың теңге каржы жұмсалған. Оның қызметі 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, соғыс ардагерлері, әлеуметік аз қамтылған және ауыр халдегі жергілікті науқастар үшін тегін жүргізіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынының мәліметінше, ең бастысы, жаңа техниканы меңгерген мамандар жеткілікті.

Мұқан Егізбаев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда осы техникамен жұмыс істейтін арнайы оқыған мамандарымыз бар. Облыс орталығында түгел білім жетілдіріп шықты. 2 маман оқытылған. Екеуі кезекпен науқастарға қызмет көрсететін болады. Келесі жылдан бастап оларды алыс жақын шетелдерге де жіберіп, біліктіліктерін арттыруа жағдай жасаймыз. Қазір томография бөлімінде 2 дәрігер мен 2 орта медицина қызметкері бар».

Бүгінде халқының саны 210 мыңға жуық кеншілер қаласында қатерлі дертке шалдыққандар көбейіп отыр. Енді олар үшін алысқа бармай-ақ ем-дом қабылдауға мүмкіндік туды. Инсульт орталығы 20 орынға шақталған. Мұндағы реанимация бөлімі ауыр халдегі 6 адамға көмек көрсете алады.

Айя Мүтәлі