Түркістанның тынысы ашылады

574

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін 20 тамыз күні жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Ол бүгінгі таңда мемлекеттік органдар орналасқан бірқатар нысанды аралады.
Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру мәселелері туралы кеңес өткізді.

Бес жылға 1,3 трлн теңге
Б. Сағынтаев ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы қойып отырған басты мақсат — қысқа мерзім ішінде жаңа ғимараттар құрылысын бастау. Премьер-Министр облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс екенін баса айтты.
Өңірді дамыту бойынша Президент қойған міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаражат толыққанды бөлінетін болады.
Көшіру барысы туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндады. Әкімнің айтуынша, барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Оларды орналастыру үшін Түркістанда жалпы аумағы 11 680 м2 болатын 12 ғимарат бөлінген. Бірінші кезеңде қызметкерлердің 70%-ы көшірілді. 27 аумақтық орган үшін 16 ғимарат бөлінді. Қазір 14 ведомствоның өкілдері қалаға орналастырылып, өз жұмыстарын бастаған.
Облыс әкімі көшіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қазір қызметкерлерге 67 жекеменшік пәтер жалдауға ұсынылған. Орта есеппен, мұндай баспана айына 50–80 000 теңге болады. Сонымен қатар, Түркістанда уақытша орналастыру үшін жатақханаларда 305 орын, 14 қонақ үй; Кентауда — 275 орындық жатақхана мен 7 тұрғын үй әзірленген. Түркістанда 1200 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің, Кентауда 420 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2019 жылға жоспарланған.
Ал Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 360 пәтер болатын 6 көпқабатты үйдің құрылысын бастады.
2018–2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жоспарланған көлемі қайта қаралып, бекітілді. Осы жылдағы облыстық бюджет 621,6 млрд теңгені құрады, ал Шымкенттің бюджетін бөлгеннен кейін облыстық бюджет 552,5 млрд теңгеге бағаланды. Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне Шымкент қаласының алдағы екі жылдың шығындарын жабуға өтінім берілді. Шымкентте орналасқан облыстық нысандарды (167 өңірлік мекеме) қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Қала теңгеріміне 29,5 млрд тг активімен 55 кәсіпорын берілді.
Ж. Түймебаев облысты және Түркістанды дамыту туралы баяндай отырып, бірінші кезекті шаралар анықталғанын, Түркістан облысын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың бас жоспарының жобасы әзірленгенін айтты. Кешенді жоспар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі — 1,3 трлн тг.
«Туристерді тартатын басты орталық – Қ. А. Яссауи кесенесі Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Біз министрлікпен бірлесіп Түркия тәжірибесі бойынша кесене маңынан туристік орын құру мақсатында кәсіпорын құруды жоспарлар отырмыз», — деді әкім.

Бас жоспар екі кезеңнен тұрады
Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин бүгінде сәулетшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегенін атап өтті. Қыркүйек айының соңына дейін Бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту туралы шешім қабылданады. Бекітуден кейін, Бас жоспарды дайындауға байқау жарияланады, ол екі кезеңнен 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін тұрады.
Айта кетсек, бұған дейін ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың үздік тұжырымдамасына ашық халықаралық байқау жарияланды. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. 11 шілдеден бастап 11 тамызға дейін байқауға Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетші қатысты.

Әкімдік көшкен күн
17 маусымда Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастап келген көшті Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған зия-лы қауым өкілдері мен ел ағалары басқармалар үйі алдынан салтанатты түрде күтіп алды.


– Мінеки, Түркістан қаласына басқармалар мен департаменттер көшіп келіп отыр. 17 тамыз – бүгінгі тарихи оқиғаға куә болған көпшілік үшін ерекше естелік болып қалады. Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Үшіншіден, қазақтың 21 ханы мен батырлары, би-сұлтандары мен қаймақтары осы шаһарда жерленген. Бұның өзі Түркістанның Қазақстан үшін қасиетті орталық екенінің көрінісі.

Төртіншіден, Түркістанда Түркі әлемінің ұлы ұстазы, ақын әрі қайраткер Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Ұлы ойшыл ұстаздың кесенесінің Түркістанда салынуы, бұл шаһардың талай ғасырдан бері Түркістан деп аталып келе жатқаны көп нәрседен хабар береді. Ендеше, Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыруымыз керек. Түркістанды бірге гүлдендірейік!,-деді облыс әкімі.
27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты. Сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері Түркістанда қызмет көрсетуде.
Келесі жылы облыс әкімдігі, 24 салалық басқарма, мәслихат аппараты, тексеру комиссиясы барлық ведомстволарды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұдан өзге, тоғыз бюджеттік ұйым көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам ауысады.

ӘУЕЖАЙ салынады

Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлауда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді.
Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемі ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түркітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтеді. Сондай-ақ, бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады.
Еске салсақ, 19 маусымда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы ретінде қайта аталды, ал Түркістан — облыс орталығы болып бекітілді.

АНЫҚТАМА
Түркістан облысының Оңтүстік Қазақ облысы атауымен 10.03.1932 жылы негізі қаланды. Кейін 1936 жылы атауы Оңтүстік Қазақстан облысы деп өзгертілді. 03.05.1962 жылдан бастап 06.06.1992 жыл аралығында Шымкент облысы деп аталды, 1992 жылы бұрынғы атауы беріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы деп қайта аталды. 19.06.2018 жылы Президент Жарлығымен облыс Түркістан облысы деп аталып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласына ауыстырылды; Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесі берілгеннен кейін облыстар құрамынан шығарылды. Облыс ауданы 116 280 км² (ел аумағының 4,3%). Солтүстік және оңтүстік учаскелері арасындағы алшақтық — 600 шақырым.

Жәнібек Нұрыш

№34, 22 ТАМЫЗ 2018 ж