Тұмауға қарсы екпе 1-қазаннан басталады

621

«Тұмаудың соңы – ажал құшумен аяқталуы мүмкін. Сондықтан, дертке қарсы екпені дер кезінде жасатуды ескеріңіз!» Күнгейге күздің ызғары енісімен, қаламыздағы ақ халаттылар осылай деп дабыл қақты.

Айтуларынша, жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық кезеңіне дайындық 1-қазаннан басталады. Бұл үшін шаһарамыздағы бір емес, барлық емханалар осы мақсатта жұмысқа жұмылдырылмақ.

Перизат Жүнісова – қаламыздағы №8 емханада, акушер-гинеколог. Науқастармен жиі жүздесіп, ем-дом шараларын жүргізетін дәрігер. Сондай-ақ, кейіпкеріміз қазір жүктілік кезеңде жүр. Сондықтан, ол тұмауға қарсы екпені алғашқылардың бірі болып жасатып, иммундалып үлгерді.

Перизат Жүнісова

«Қазір 24 апталық жүктілік кезеңде жүрмін. Және өзім науқастарға қарайтын дәрігер болғандықтан, тұмауға қарсы екпені жасатуымның қажеттілігі туындады. Бұл вакцинаны жыл сайын жасатып келемін. Сондықтан болса керек, тұмаумен көп ауыра бермеймін. Ауырған күннің өзінде, ағзам ауырлықты сезінбейді, тез жазыламын», – дейді Перизат Жүнісова.

Қаламыздағы жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық кезеңіне дайындық үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралған. Тиісті теңгеге Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+» вакцинасының 307 155 дозасы сатып алыныпты. Бірақ бұл екпелер тек арнайы тізімдегі адамдарға жасалмақ.

Жұмағұл Медетов, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: «Медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға алынған балаларға, ауырғанына 6 айдан асқан яки көп ауыратын балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сәбилер үйлерінің балаларына, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушыларына, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар жандарға тегін екпе жасалады. Негізі тұмауға көпшілік аса мән бермейді, жеңіл, өздігінше ем-дом жасап, жазылғысы келеді. Бірақ, мұның соңы – өлімге әкеледі. Осыны жерлестеріміз ескерсе екен».

Егер Сіз бұл арнайы тізімге енбейтін болсаңыз, онда өз есебіңізден ақылы түрде егу жасата аласыз. Құны – 1600- 2800 теңгенің аралығында. Бұл үшін өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңызға қарасты емханаға бұрылсаңыз болғаны. Немесе қаламызда осы тұмауға қарсы иммундау мақсатында бір емес, 4 бірдей мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерден жасақталған арнайы бекеттер жұмыс жасайды. Және бұл вакцинаның маусымы қарашаның 15-не дейінгі уақытты қамтиды. Тек жүкті әйелдерге ғана 1-желтоқсанға дейін рұқсат беріліп отыр.

Мөлдір Бекеева