Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бюджетке салық төлемегені үшін жазаланбайды

354

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлем жасамағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазір табысынан ешқандай аударым жасамай, тиісінше, зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толық қамтылмай отырғандар бар. Халықтың мұндай санатындағылар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізіліп жатыр, ол қызметтерге қол жеткізуге жол береді. Алайда, вице-министрдің айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар ол төлемді жасамағаны үшін жауапқа тартылмайды.

«Заң төлем жасамағандарды жауапқа тартуды көздемейді. Бұл ерікті тәртіп. Біз міндетті төлем дейміз, алайда, егер адам бұл жүйеге қатыспаймын деп шешсе, оған қатысты қандай да бір шара қолданылмайды. Бұл заңда ондай норма жоқ», – деді Жақыпова.

Үкімет төлемнің көлемін минималды қылуды ұсынды – қалалықтар үшін 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК. 2019 жылдан бастап ең төмен есептік көрсеткіш 2 525 теңге болады. 2 525 теңге төлеу кезінде қазақстандық айына аударымды бірден төрт бағыт бойынша жүргізеді – жеке табыс салығы, БЗЖҚ-дағы өз шотына зейнетақы жарнасын аудару, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударым жасау.

Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова тиісті заң қабылданғаннан кейін кімнің және қанша төлейтінін айтты. Министрліктің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың категориясы толықтай зейнетақымен қамсыздандырылады, жоғарылатылған көлемде базалық зейнетақы алу мүмкіндігі пайда болады, ол еңбек өтілінің есепке алынуымен байланысты.

Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ММС енгізілгеннен кейін толық көлемде медициналық қамсыздандыруға қол жеткізе алады. Бұл да әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төлем жасауды қамтамасыз етеді.