Абай ауданы әкімінің қабылдауына келушілердің саны күрт төмендеді

326
Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов азаматтарды қабылдауда

Күнделікті  таңғы сағат 9-10 аралығында  Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Бастапқыда арызданушылардың саны  20-дан асса, бүгінде  шағымданушылардың қатары азайған дейді әкімдіктегілер.

Бүгін қабылдауға  келген Исабек Үйсенбаев «Құрсай»  шағынауданының тұрғыны. Жеке басының емес  көпшіліктің  мұң-мұқтажын жеткізуге  тырысты. «Елді мекендегі жарықтандыру мәселесі күрделі. 12 үй желіге қосылса, жақсы болар еді»,-дейді ақсақал.

Әкім  бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен тұрғынды таныстырды. Жылдың соңына дейін бұл мәселе шешіледі.

«Самал 3» шағынауданының тұрғындары жол, мектеп салу мәселелерін көтерді.  Әкім бұл мәселеге қанық. Жолға тас төсеу ертеңнен бастауын алса, асфальт төсеу  алдағы жылдардың еншісінде. «Өйткені алдымен ауыз су, кәріз жүйесі мен газ құбырлары жүргізіліп, кейін асфальт төсеген тиімді»,-деп түсіндірді  аудан басшысы.

Айта кететін жәйт, Абай ауданы аумағында жылдың басынан 181 топырақ көшелерге 91,3 шақырым тас төсеу жұмыстары жүргізілген.  «Самал 3» шағынауданында -23,9 шақырым, «Ақжар»  тұрғын алабында – 8 шақырым, «Ынтымақ 2» шағынауданында – 16,7 шақырым, «Солтүстік» саяжайға 6,6 шақырым, «Қызылжар» шағынауданында – 5,8 шақырым, «Ақтаста»-1,6 шақырым, Агрофирма Қарасу-2,7 шақырым, «Құрсай» шағын ауданында -11,2 шақырым, «Орманшы» ауылында -1,5 шақырым, «Жаңаталап» тұрғын алабында 10,8 шақырым шағал тас төселген.

Бүгінде Шымкент қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі   басқармасы тарапынан қосымша 5,0 шақырым  жолға шағал тас  бөлініп,  «Самал 3» шағынауданындағы 3 көшеге, «Ынтымақ»  шағынауданына – 2 көшеге және «Солтүстік саяжай» шағынауданындағы атауы жоқ көшеге тас төсеу жұмыстары осы аптада  жүргізу жоспарланған. Аудан аумағындағы шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы топырақ көшелерге 53 шақырым шағал тас қажет.

Әкімнің қабылдауына келген Бақытжан Ташполатов «Өрлеу» бағдарламасына қатысуға ниетті. Қабылдау барысында тұрғынға мемлекеттік бағдарламаның ұтымды тұстарын әкімнің өзі баяндап берді. «Өрлеудің» шапағатын көпбалалы отбасы келер жылдан бастап көреді. Оған дейін қажетті құжаттарды жинап, осындағы маманға тапсыруы тиіс.

Әкім  халықпен кездесуді  елдімекендерде өткізгенді қалайтынын жеткізді. Өйткені бір жағынан, әрбір тұрғын аудан басшысымен  танысып қана қоймай, тікелей мәселесін көтеруге мүмкіндік алады. Әкім болса, ауылдағы проблемаға қанығып, оның шешу жолдарын  ауылдағы ағайынмен бірге ақылдасады. Бұхарбай Пармановтың  ниеті  аудандағы  әрбір тұрғынмен танысып, көкейінде жүргенін білу.

Шынар Оразова