Көшеге қи тастағандар айыппұл арқалайды

528

Соңғы уақытта Шымкент қаласы мен оның аумағындағы тұрғындар үй жануарларын күтіп ұстау ережелерін сақтамауда. Бұл жайт шырайлы Шымкент қаласының келбетін бұзуда.

Атап өтсек, Шымкент қаласы Қызылжар елді мекенінің тұрғындарымен үй жануарларын күтіп ұстауда қорадан шыққан қи мен өзге қоқысты көшеге шығарып тастағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен (қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) 10 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, шара қабылданған.

Аталған бап, ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы Жаңаталап, Құрсай, Игілік, Алтынтөбе, Қызылжар елді мекендерінде «Шымкент-қауіпсіз қала» жол картасы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 20 рет жергілікті тұрғындармен кездесіп заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерлерімен 5 қазан мен 5 желтоқсан аралығында «Участок» жедел алдын алу шарасы өткізілуде.

Іс-шараның басты мақсаты – учаскелік инспекторлардың, көші-қон қызметі, криминалдық, патрульдік полиция қызметкерлерінің күшімен белгіленген әкімшілік аумақтарда құқықбұзушылықтардың алдын-алу бойынша жұмыстарды белсендіру.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлерімен 3334 әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік-құқықтық кодексінің баптары бойынша: 73 бап « Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» – 33; 73-1 бап «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» -71; 434 бап «Ұсақ бұзақылық» – 178; 440 бап «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» – 271; 492 бап «Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру» – 215; 517 бап «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» -255; өзге де құқықбұзушылықтар бойынша – 2296.

«Участок» жедел алдын-алу іс-шарасына мемлекеттік органдардың және мекемелердің, жұртшылық өкілдерінің, оның ішінде еріктілердің өкілдері қатыстырылуда.

Шымкент ҚІІД-нің Баспасөз қызметі