Шымкентке келген мәжілісмен қала тұрғындарының көтерген мәселелеріне қанықты

379
мәжілісменнің азаматтарды қабылдау сәті
Мәжілісменнің азаматтарды қабылдау сәті

Жалақы дауы, баспана мәселесі, сапасыз жол, жетпейтін қоғамдық көлік. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында жиі көтерілетін мәселе.

Бұл жолы арызданушы азаматтарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов қабылдады. Әрқайсысын жеке-жеке тыңдаған халық қалаулысы көтерілген әрбір мәселені өзінің бақылауына алды. Халық қалаулысына өзі тұратын шағынаудан тұрғындарының шағымын айта келгендердің бірі – Орынбасар Қаматаев. Айтуынша, «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа көше жолдарының сапасы сын көтермейді. Ақсақал бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылып жатқанына наразы.

Орынбасар Қаматаев, Қаратау ауданының тұрғыны

Орынбасар Қаматаев, Қаратау ауданының тұрғыны: «Жол салынып жатыр. Салынбайды деп айта алмаймыз. Алайда сапасына көңіліміз толмайды.Мен тендер мәселесін көтеруге келдім. Тендерге кім қатысып, кім ұтып жатыр? Қалай өтіп жатыр? Техникасы, мамандары, базасы жоқ мердігерлер ұтып алып, қосалқы мердігерлерге беріп, оңды соңды ақшаны талан-таражға салуда. Кейін құрылысқа келгенде барлығын үнемдеп, цементті, тасты, асфальтті сапасыз дүние жасайды. Жолдар сын көтермейді. Осыны тоқтатуға  керек».

Қоғамдық қабылдауды жүргізген мәжілісмен Әбдіманап Бектұрғанов тендер төңірегіндегі мәселеге қанық. Күрделілікті шешу мақсатында нақты шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ия, Парламентте мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу заңы талқылануда. Өзгерістермен толықтырылып, жақында қолданысқа енгізіледі. Тендерлер  ашық, жариялы түрде өтеді, құжаттар  электронды түрде қабылданады. Бұл шаралар  сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді деген сенім бар».

Ал «Таскен» елдімекенінің тұрғындары ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің бағытына қатысты шағымдарын жеткізуге арнайы келіпті. Бағытты реттеп бермесе, балаларымызды мектепке жібермейміз деп оқталып отырғандарын ашық айтты.

Раушан Жандарбекова, «Таскен» тұрғын алабының тұрғыны

Раушан Жандарбекова, «Таскен»  тұрғын алабының тұрғыны: «Ауылымыздың  бір бөлігінде  бес жүздей адам тұрады.  Қоғамдық көлік көшенің аяғына дейін бармайды, ортасынан қайырылып кетеді. Алдын бізде №89 бағытта автобус жүрді, оны алып тастады. Кейін №45 пен №65  автобус ауылдың аяғына дейін бармайды. Көшенің соңына дейін 5-6 аялдама. Оқушыларымыз бар, әбден қиналып біттік. Бір көшенің өзінде 200 бала мектепке барады екен. Бастауыш  сыныпта оқитындары бар. Таксимен қатынаймыз».

Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы арызданушыларды сабырлылыққа шақырып, жылдың соңына дейін қоғамдық көлік шешімін табады деп уәде берді.

Қуат Жұматаев, Шымкент қалалық ЖТ және АЖ басқармасының басшысы: «№89  бағыттағы  қоғамдық көлік кестені сақтамағандықтан, компаниямен келісімшартты бұздық. Қазір тендер өтіп жатыр, бір айда жеңімпаз анықталады. Шыдай тұрыңыздар. Сосын  жаңа бағыт №115 жүргіземіз. Егерде жақсы жұмыс істесе онда ол компаниямен келісімшарт түземіз. Қалаға жаңа  автобустар сатып алынды. Оларды әлеуметтік бағыттарға жібереміз».

Тараз қаласынан қабылдауға келгендер

Бұл қабылдауға Тараздан бір топ азамат келді. Олар еткен еңбектерінің ақысын ала алмай жүргенін жектізді. Мәжілісмен арызды жіті қарап, жалақыларын ала алмай әбігерге түскен азаматтарға көмектесуге тырысатынын жеткізді.

Шынар Оразова