Жылыту маусымы басталғалы қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіретін рейдтік шаралар күшейтілген. Еңбекші ауданындағы көпқабатты үйлерді көбінесе, төтеншеліктер, газ мамандары мен аудан әкімінің жауапты мамандары аралайды.
Тұрғындарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізеді. Пәтердегі газ қондырғыларын талапқа сай қолдану жолдарын үйретеді.
Болатхан Дүйсенбаев, газ шаруашылығындағы апаттық-диспетчерлік қызметтің басшысы: «Кемшіліктер көп. Көп жағдайда тұрғындар газ құрылғыларын басқа бөлмелерге орнын ауыстырып қойған. Бұзушылықтар жайында пәтер иелеріне түсіндірдік. Барлығы талаптарға сай болуы тиіс және мерзімінде газ құрылғыларын тексертіп тұру қажет».
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр осы мерзімде 9 азамат улы газдан қаза болған. Биыл он айда 5 адам улы газдан жапа шексе, оның 3-уі көз жұмыпты.
Дәулет Шынарбай, Шымкент қалалық өрт бақылау бөлімінің инженері: «Қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша халық арасында үгіт- насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Соның нәтижесі болар, қайғылы жағдайлар көрсеткіші 28 пайызға төмендеген. Қазір мектептер, мемлекеттік мекемелер және әлеуметтік нысандарда улы газдан сақтану шараларын айтып жатырмыз».
Еңбекші ауданында орталықтандырылған жылу жүйесіне 528 көпқабатты үй қосылған. Соңғы он бес жылда тұрғын үйлердің 7 пайызы дербес жылу қондырғыларын орнатып үлгерген. Сондықтан да әкімдіктегілер жылыту маусымында газдан улану сияқты қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдарын үйретуден жалықпайды. Ережеге құлақ аспағандар жауапқа тартылатыны да ескертілді.
Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Газдан улану фактілерін болдырмаудың бір жолы халық арасында үгіт насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу. Сәуірден бастап сала мамандарымен үйлерді аралап, халықпен кездесіп қауіпсіздік ережелерін орындау, мұржаларды тазалау, газ қондырғыларын тексеру жөнінде кеңестер берудеміз».
Әкімдіктегілер Шығыс, Теріскей шағынауданындағы көпқабатты үйлерді де аралап шығуды жоспарлап отыр. Мұнда өз бетінше газ қондырғыларын орнатқандар анықталған дейді. Тағы бір рет рейд ұйымдастырып, ескерту жасауды жөн санайды. Бұл жолы үйінің есігін ашқандарға газды дұрыс пайдаланудың жолы көрсетілді.
Сондай-ақ, шұғыл желінің нөмірі беріліп, төтеншеліктерге хабарлаудың керектігі айтылды.
Шынар Оразова