Жанармай мен жағармайдың бағасы төмендеуі мүмкін

401
Түркістан облысы мен Шымкентте сұйық отын жеткілікті

Қазіргі таңда облыс пен қала отынмен толық қамтылған, жанар-жағармай бекеттерінде тыныштық орнаған. Жылдың басынан сұранысқа ие АИ – 92 маркалы жанармайдың бағасы төмендеп, бір литрі 152 теңгеге түскен. Сұйық отынмен қамту тұрақты. Сондықтан болар, жанар – жағармай бекеттерінде ұзын сонар кезек жоқ.

Көлік жүргізушілері «Қандай жанармай аламың десең де барлығы бар. Бағалар да қолжетімді. Кезекте тұрмай, жанармай құйып аламыз» дейді.

Мұндай жағдай Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғыртудан кейін туындаған. Бүгінде кәсіпорын өнімнің көлемін 20 пайызға арттырған. Бұл жаңашылдық өңірдің сұранысын қамтып қана қоймай, өзге де облыстардың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік берді. Келешекте зауыттың өнімі шетелге де экспортталады деген жоспар бар.

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар – жағармай» қауымдастығының төрағасы: «Жиын терім аяқталуға жақын. Енді нарық толығады. Есесіне, АИ-92 маркалы бензинді экспортқа шығару ойластыруда. Келісемін. Сапасы да жақсы, қоры да жеткілікті. Дизельді отынның да бағасы бүгінде 184-185 теңге аралығында. Бұл да жақсы нышан».

Жанар – жағармай қауымдастығындағылар жақында дизельді отынның бағасы да төмендеуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Қазіргі таңда өнімнің бір литрі – 187 теңге. Болжам бойынша 175 теңгеге дейін арзандауы әбден мүмкін.

Шынар Оразова