Жетісай ауданында қой басы 167 мыңға жетіп отыр

700

Бүгінде Жетісай ауданында 152 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округіндегі «Махарам» шаруа қожалығы алдағы 4 айда 1 мың бас қойды бордақылап шығармақ. Әрбір байланған қошқар орта есеппен 30-35 келі ет береді.

Қазірдің өзінде қорада 300 бас жайдары қошқар жемге қойылған. Қожалықта өндірілген ет негізінен Алматы қаласының нарығына жөнелтіледі.

Қазіргі таңда «Махарам» шаруа қожалығының иелегінде жалпы саны 5 мың бас қой бар. Жетісай ауданында жайылым жер қат болғандықтан мұндағы отарлар Шардара ауданына қарасты құмда ұсталады екен. Қожалық төрағасы Махарам Нифталиевтің айтуынша, жайдары қойлар шөл және шөлейт жер жайылымына көнбіс, күтім талғамайды.

«Қойларымыздың жем-шөбін өзіміз әзірлейміз. Биыл 20 гектар жоңышқа мен 30 гектар жерге жүгері ектік. Одан алынған өнім жаман емес. Мәселен, жоңышқаны 5 рет орып аламыз. Жиын-терім жұмыстарына қажетті техникаларымыз да бар», – дейді Махарам Нифталиев.

Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 167 мың 972 ұсақ мал бар. Оның 22337-сі Жаңаауыл ауылдық округіндегі шаруаларға тиесілі.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі