Ғабидолла Әбдірахымов: Аймақтарда жұмыс істеуге ниетті жастар Шымкентке келсін

472

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Болашақ» халықаралық стипендиясымен шетелде оқу бітіріп келген жастарды Шымкентке жұмысқа шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Шетелдегі оқудан қайтып келгеннен кейін, елде бес жыл жұмыс істеу міндеттелетін шарт болған еді. Қазір өңірлерге барамын деген қыздар мен жігіттерге бұл мерзім 3 жылға қысқарғанын білесіздер. Әрине, мемлекет үшін жұмыс істеймін деген азаматтар 5 жыл, 3 жыл демейтін шығар. Егер мемлекетке еңбек етемін деп шешсең, уақытты санамауың керек. Өз өміріңді мемлекет, халық үшін арнасаң, ондай адамдарға менің ойымша, ешқандай шектеудің керегі жоқ», – деді Шымкент қаласының әкімі Астанада өткен форумда.

Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының «қандай кәсіппен айналысамын десеңіздер де, бірінші, мемлекеттік қызметтен өтіңдер» деп айтқан сөзін еске алды. «Егер адам өзінің өмірлік жолын мемлекеттік қызметтен бастаса, кейін бизнеске ауысқан кезде оған едәуір оңай болады. Себебі, менің ойымша, мемлекеттік қызмет – армия сияқты. Тәртіп, жауапкершілік… Әлбетте, «Болашақ» стипендиаттары ел ішінде еңбек ету міндеттемесінің 5 жылдан 3 жылға дейін қысқаруына қуанған шығар. Бірақ, менің ойымша, барлық жастар аймақтарда жұмыстан өтуі керек. Себебі, өңірлерде жұмыс істемеген адамға орталықта жұмыс атқару өте қиынға түседі. Маған сеніңіздер. Өз қызметімді орталық мемлекеттік органда бастадым. Орталықтағы 15 жылдық еңбектен кейін өңірге жұмысқа келгенімде шынымды айтсам, көп нәрсеге көзім ашылды», – дейді ол. Осы ретте, Шымкент қаласының әкімі жастарды өңірлерде еңбек етуге шақырды.

«Аймақтарда көп тәжірибе алып, бекем бола түсесіздер. Өңірді басып өтсеңіздер, Астанада сізге ешкім «асфальттың баласы» деп айта алмайды. Жастық шақта өңірлерде жұмыс істеу керек деген ойдамын. «Болашақ» бағдарламасы мен Астана, менің ойымша – Президенттің ең басты екі жобасы. Осы екеуі еліміздің алдағы 100 жылдағы дамуын айқындап береді. Мен үшін бүгінгі форум өте маңызды. Қазір Шымкентте 200-ге тарта «Болашақ» түлегі жұмыс істейді. Барлық ниет білдірушілерге айтарым: өңірлерге барғысы келетіндер – Шымкентке келіңдер», – деп түйді Ғабидолла Әбдірахымов.

Еске сала кетсек, Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына орай «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форум өтіп жатыр. Форум барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендиаттарға жолдаған құттықтау хатын оқып берген болатын. Елбасы «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналғанын атап өтті.