Ескерткіш аялдама. Автобус жоқ…

390

Қалқиып тұрғанымен, жұртқа пайдасы да, панасы да жоқ аялдама. Олай дейтініміз, «Айқап» шағынауданындағы аялдама тұрғындарға мүлдем қажетсіз болып тұр. Қоғамдық көліктің жүрмегеніне бірнеше айдың жүзі болған.

Ел арасында БАМ аталып кеткен «Түркістан», «Айқап» шағынауданының тұрғындары өзгелер секілді қоғамдық көліктермен қатынап, жұмысына, оқуына дер кезінде жеткісі келеді. Әзірге мүмкін болмай тұр.

Айқаптықтар қоғамдық көлікке міну үшін қыр асулары керек. Жастарға жаяу жүру қиын болмас, егде жастағылар мен балалар үшін бұл нағыз азап. «Мәселемізді айтып, бармаған жеріміз жоқ» дейді олар.

Мәжит Ильясов, шағынаудан тұрғыны: «Бізге қоғамдық көлік жүргізсін, арнайы бағыт ашып берсін «Көл», темір жол вокзалына баратын. «Бекзат» фирмасы автобустар жүргізген, оның уақытысы біткен соң оны жапты. Сөйтіп «Санжар моторс» алды. Олар жүргізе алмады. Енді басқа фирма алды. Оларда 3-4 көлік қана бар, үлгере алмайды. Алып кетеді, 2 сағатқа шейін күте алмайды ғой. Оған 15 автобус керек».

Жиенкүл Бектасова, БАМ шағынауданының тұрғыны: «Әкімшіліктен сұранатынымыз қоғамдық көлік жүргізіп берсін бізге. Автобус жоқ. Тым болмаса №103 бағыттағы автобус жүргізсе болады ғой. Мектепке, емханаға бара алмаймыз. №21 бағыт жүріп жатыр дейді, жүріп жатқан жоқ».

Бұл аялдамадан кезінде Бам шағынауданының тұрғындары үшін бір емес бірнеше қоғамдық көлікке мінулеріне мүмкіндік болған. Ал қазір қоғамдық көлікке міну үшін қай бағытқа болмасын 1,5 немесе 2 шақырым жаяу жүрулеріне тура келеді. Ал аялдамалар мұнда архитектуралық ескерткішке айналғалы қашан.

Қала әкімдігінің салаға жауапты мамандары проблемаға қанық. Айтуларынша, айқаптықтарға сапалы қызмет көрсететін компания болмай тұр екен. Бұрын жұмыс істегені жауапсыздық танытқан.

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы: «Қазір 21 бағыт қатынауы керек. Жұмысын біраз тексердік. Компанияға талаптар қойдық, егер орындамаса келісімшарт бұзылады. Мұның алдында да қызмет көрсететін компаниямен келісімшарт бұзылған. Қазіргі компаниямен тұрақты түрде жүргіземіз деп талап қойып отырмыз»».

Күннен күнге тұрғындар саны артып отырған мегаполисте «Айқап», «Түркістан» шағынаудандары қаланың сырт жағында емес, бүгінде орталығына жап-жақын орналасқан. Солай бола тұра, проблема жетерлік. Сайлы-қырлы көшелерінің тарлығы өз алдына, тұрғындар жол азабын да қанша уақыт тартатыны белгісіз. Қала әкімі өздерін назардан тыс қалдырмаса деп үміттеніп отыр.

Асқар Сәтпаев