Көксайлықтар «үйімізді тастап ешқайда кетпейміз» деп бекініп отыр

312

Халық арасында «нахаловка» аталып кеткен шағынаудан тұрғындарынан қазір маза қашқан. Жергілікті шенеуніктер ондағы тұрғын үйлердің сүрілетінін айтып, тұрғындарды құлағдар еткен. Алайда қазір бұл шаралар әзірге тоқтап тұр. Жауаптылар жергілікті халыққа баспаналарының құжаттарын түгендеп алуды тапсырды.

Халық арасында «Зеленая балка» аталатын бұл шағынаудан бастауын 1915 жылдан алады. Алғашқы тұрғындар сол кезден көшіп келе бастапты. «Елу жылда ел жаңа». Қазіргі «Көксай» шағынауданының аумағындағы баспаналар сүріледі деп күтілуде.

Ал сәулет саласының мамандары қазір жаңа жобаның дайын екенін айтады. Онда жаңа тұрғын үй кешендері бой көтереді. Ал құжатқа құнтсыз тұрғындардың баспанасыз қалуы әбден мүмкін екен.

«Көксай» шағынауданының болашағы құжат жүзінде ап-айқын. Алайда іс жүзіне келгенде жергілікті атқамінерлердің халықпен ортақ мәмілеге келуіне тура келеді. Баспана құжаттарын рәсімдей алмай отырған тұрғындар «үйімізді тастап ешқайда кетпейміз» деп бекініп отыр.

Мақпал Рысбаева