Шымкентте тағы 8 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксай халқын бұл қуанышты сәтпен құттықтады. Шаһар басшысы ескі үйлерден тұрғындарды көшіру – қаланы дамытудың маңызды әрі басым бағыты екенін атап өтті.
Көксайдағы ескі үйлерде күнелтіп келген отбасылар көптен күткен қуанышты күнге жетті. Бүгін Нұрлыбаев көшесінде тұратын 8 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды. Жергілікті тұрғындардың жүздері шаттыққа, көздері жылылыққа толды.
ӘСИЯ АБРАЛҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Әкімдікке көп рақмет. Бізді есіркеп әйтеуір үй беріп жатыр. Үйіміз құлайын деп тұрған еді. Көп көп рақмет сіздерге. Енді жаңа үйге барып табысты бола берейік»
Бұл қуанышты күнді тұрғындардың балалары да тағатсыздана күтіпті. Олар да бүгін ерекше сезімде болды. Дегенмен, балақайлар ескі үйлерін сағынатынын жасырмады.
БАЛЫМАЙ АБЫЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Жаңа үй әдемі. Ескі үйді де қимайсың ғой. Өйткені қанша жылдан бері тұрып жүрсің, бәрібір сағыныш болады ғой. Ал ана үйде жаңа болған соң бөлек болады»
Бұл – жаңа үйлерге көшкен 12-ші тұрғын үй. Осылайша бүгінге дейін жаңа пәтерге қоныстанған отбасылар саны 120 -ға жетті. Тұрғындарға Шымкент Сити мен Тұран шағынаудандарынан заманауи, толық әрленген пәтерлер берілді.
ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, «SHYMKENT» ӘКК АҚ БАСШЫСЫ: «Негізі осы Көксайда 2 қабатты 23 ескі үйлер бар. 23-тің біз 12-сін көшірдік. Орындалған пайызы 52 пайыз болып тұр. Тұрғындардың құжаттары бар болса. Келісімдері болса. Онда біз дайынбыз. Пәтерге пәтер айырбастауға. Біздің беріп отырған пәтерлеріміздің шаршы метрі ескі пәтерлердің көлемінен әлдеқайда үлкен»
Осылайша Көксай ауданын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалалық ортаны жаңартып, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын жасау – осы тұжырымдаманың басты мақсаты. Соның аясында тозығы жеткен үйлердің тұрғындары реновация бағдарламасы бойынша жаңа, заманауи баспаналарға қол жеткізіп келеді.
Лаура Бабас






