Úı ANONS Көксай: 8 отбасыға пәтер берілді

Көксай: 8 отбасыға пәтер берілді

фото ШӨКҚ

 

Халық арасында «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай шағын ауданын жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда. Шағынаудан тарихы 1915 жылдан бастау алады. Қалада теміржол құрылысы қолға алынған тұста мұнда тұрғындар қоныстана бастайды.

Елдімекенді «Нахаловка» деп те атайды, өйткені үйлердің едәуір бөлігін азаматтар өз бетінше, құжаттарсыз салған. Тұрғындар криминогендік және тұрғын үй жағдайларына байланысты мәселелерді бірнеше рет көтерген. Көп пәтерлі үйлердің дені ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және апатты жағдайда.

Шағын ауданға арнайы барып, тұрғындардың ұсыныстарын ескерген қала әкімі маңызды шешім қабылдады. Тұжырымдаманың алғашқы кезеңі — көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғындарды ескі үйлерден жаңаларына көшіру. Бүгінге дейін 9 көппәтерлі үйден 83 отбасы жаңа баспаналы болды.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы сегіз отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, қуаныш иелеріне бақ-береке, жайлы ғұмыр тіледі. Әрленген пәтерлердің бөлмелері бұрынғы пәтерлердің бөлме санына сәйкес келеді.

Тұрғындар толық қоныс аударғаннан кейін аудандық әкімшілік ғимаратын, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, әлеуметтік нысандарды, көппәтерлі үйлер мен саябақтарды салу, қолданыстағы мектепті кеңейту, сондай-ақ Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру жоспарлануда.

Сәулеш Базилова Нұрлыбаев көшесінің тұрғыны. Үш баланың анасы, бұл пәтерде келіні, ұл-қыздарымен бірге 8 жылдан бері тұрып келеді. Бұл отбасы үшін қара шаңырақ қанша ыстық болғанымен, жаңа пәтерге көшу бақыт деп отыр. Айтуынша,  қазіргі үй кең, әрі жайлы дейді.

Сәулеш Базилова, Қала тұрғыны: «Бұл ескі үй деп айтады ғой. Тұрып жатқаныма сегіз жыл болды. Жаман деп айта алмаймын. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаңа үйдің аты жаңа үй. Әкімге рахмет. Тұраннан берді. Бесінші этаждан».

Шағынауданды жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоба қала инфрақұрылымын жаңартуда ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруда да маңызды.