Шымкентте қоғам қайраткері, жазушы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемелмен кездесу өтті. Тағылымды кешке қаламгердің оқырмандары, мәдениет саласының майталмандары мен зиялы қауым өкілдері жиналды.
Олар кездесу аясында жазушының өмір тарихы мен шығармашылығы жайында келелі әңгімелер тыңдады. Рухани азық алғандар қатары көп болды.
«Отырар» кітапханасында өткен рухани кешке оқырмандар көптеп келді. Дара тұлға Мырзагелді Кемелдің шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар жазушының өзін жақынырақ тануға асыққандай. Сондықтан болса керек, олар қаламгердің өнегелі өмірі туралы естеліктері мен ойларын ыстық ықылыспен тыңдады.
Мәдениет пен экономика саласында өзіндік қолтаңбасы бар Мырзагелді Кемелмен кездесу сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылыпты. Мұнда оқырман қауым кеш иесінің іргелі шығармалары мен адами құндылықтарға үндейтін көсемсөздік таңдаулы еңбектері жайында әңгімелерге қанықты. Сондай-ақ, бұрындары парламентте қызмет атқарып, халықтың көкейіндегі талай мәселені көтерген қоғам қайраткері бүгінгі ел экономикасы мен саясаты жөнінде де өз пікірімен, тұжырымдаларымен бөлісті.
Көпке берері мол келелі кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асты. Сондай-ақ, кешке келгендер Мырзагелді Кемелдің жеке шығармалары топтастырылған «Кемел ақыл иесі» атты кітап көрмесін тамашалады.
Айя Мүтәлі