Түркістан облысының төлтаңбасына байқау жарияланды

644

Жуырда Түркістанда өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумында «Түркістан облысының төлтаңбасы» байқауы өтетіні айтылған еді. Байқаудың мақсаты – Елбасы Жарлығымен құрылған Түркістан облысы әкімдігінің жаңа логотипін қалыптастыру. Сол төлтаңба арқылы Түркістанның брендін қалыптастырып, Қазақстан мен шетелге таныту және ғаламтор желісінде өзіне тән оң имиджін  көтеру де көзделген.

Бұл төлтаңбада облыстың өткені мен бүгіні, өңірдің өзіне тән ерекшелігі, қазақ халқының ұлттық болмысы көрініс тауып, дизайнерлік шеберлікпен үйлесуі  тиіс. Сапалы әрі тартымды логотип туризмді дамытуда және инвестиция тартуда да маңызды міндет атқарады.

Байқауға дизайнерлер, суретшілер және кез келген ынталы әлеуметтік желі қолданушылары қатыса алады. Байқауға қатысушылар Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысының төлтаңбасына қатысты өзінің авторлық жұмысын JPEG форматында бейнелеп, жұмысы туралы қысқаша түсіндіріп (видео нұсқа да құпталады) пост жазуы тиіс. Байқауға 2018 жылдың 14 қарашасы мен 20 желтоқсаны аралығында жарияланған материалдар қабылданады.

Қатысушы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында пост жазып, #Түркістаноблысыныңтөлтаңбасы хэштегімен бөліседі. Жарияланған посттардың скриншоттарын (лайк, пікірлері, репост толық көрінуі тиіс) арнайы файл папкасына жинақтап, авторлық төлтаңба жобасын компьютерлік кескіндеме (3D) немесе JPEG форматында ontustikonimi@yandex.kzэлектронды поштасына жолдауы тиіс және 2018 жылдың 20 желтоқсанына дейін Түркістан облысының ішкі саясат басқармасына тапсыруы қажет.

Байқау жеңімпазын білікті суретшілер мен дизайнерлерден, БАҚ өкілдерінен, мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйым мүшелерінен  құралған арнайы комиссия анықтайды. Жүлдегерлер қаржылай бағалы сыйлықтармен марапатталады. Байқаудың қорытындысы 2018 жылдың желтоқсан айының үшінші онкүндігінде жарияланады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі