Қаланы қардан тазартуға көлік жеткілікті

417
Шымкентте қар жауды

Синоптиктердің болжамы рас болып шықты. Шымкентте күні бойы қар жауды. Есесіне, қаладағы коммуналды қызмет мамандарының жұмысы күшейді. Мегаполисте бүгінде 4 коммуналдық мекеме 25 бағыт бойынша жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы және «ШымкентДорСервис», «Отаустрой», «Түркістан Жолсервис», «Корпорация Береке А» мердігер мекемелердің арасында қар көп мөлшерде жауған жағдайда көшелерді тазартуға қосымша техника ұсыну жөнінде екі жақты меморандум түзілген.

Қоғамдық көлікке кедергі жоқ, жолдар тазалануда

«Қыс қарсыз өтеді-ау» деген жұрттың қорқынышы сейілгендей. Қалада таңертеңнен жауған ақ ұлпа майдалап, өндіріп жатыр. Есесіне өңірдің таулы аудандарында қар қалың. Синоптиктер, облыс аумағының кейбір жерлерінде тұман, көк тайғақ және бұрқасын сақталады деп ескертуде.

Динара Айтмырзаева, инженер-синоптик

Динара Айтмырзаева инженер-синоптик: «Бүгін, 19-шы  желтоқсанда қар күні бойы  жауады. Ертең, 20- желтоқсанда  облыста қар тоқтайды, бірақ көктайғақ, тұман , бұрқасын сақталады. Ал 21- желтоқсанда күн жылынады».

Ауа тазаланады дегенімізбен, жауған қарды тазалауға айтарлықтай кұш жұмсалады. Бұл міндет қаладағы коммуналдық мекемелерге жүктелген. Жалпы қала аумағындағы орталық көшелердің ұзындығы 514 шақырымды құрайды. Осыны ескерген басқарма тиісті мекемелерді 25 бағытқа бөлген.

Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Қаланы қардан тазалайтын мекемелер жеткілікті. Ол үшін 4 коммуналдық мекеме «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек ЛБ», «Югдорсервис» пен «Нұртау сервис» мекемелері жұмылдырылады. Көшелерді тазалайтын көліктер де жеткілікті».

«ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің қызметкерлері 12 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бүгінде олар тәулік бойы жұмыс кестесіне көшкен. Оларға кедергі келтіретін тек жол жиегіне көлігін қоятын жауапсыз жүргізушілер ғана.

Бақтияр Құрпаев, жүргізуші

Бақтияр Құрпаев, жүргізуші: «Мен осы мекемеде жұмыс істегеніме 7 жыл болды. Міне, жаңа көлік берді. Түнгі 2: 30-дан бастап жұмысқа кірісеміз. Күрделіліктер де жоқ емес. Кейбір жүргізушілер көліктерін жолдың бойына қалдырып кетеді. Тазалағанда  сол жерлерде қар қалып қояды».

Асхат Әбдірешов, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің көлік бөлімінің басшысы: «Биыл 10 арнайы техника сатып алдык. 24 мың текше метр инертті материалды  дайындап қойдық».

Айтпақшы, «Қазгидромет» мамандары «солтүстік аудандарда ауа температурасы -20 градусқа дейін барады», деп отыр. Созақ ауданында қара суық ертең де сақталады. Сондықтан, жолға шығарда абай болған жөн. Ал Шымкентте қар ертең тоқтайды.

«Ауа – райы болжамын ескеріп, қала мен аудан тұрғындары жұмыстарын жоспарласа, көптеген күрделіктерден арылар едік», дейді коммуналшылар. Мегаполис тұрғындары барлық жағынан мәдениетті болғаны абзал.

Шынар Оразова