Үшінші мегаполистің үздік жастары анықталды

604

Шымкентте үздік жастардың есімі белгілі болды. Дәлірегі, «Үздік жастар премиясы-2018» байқауы мәресіне жетті.

Салтанатты шарада 27 сала бойынша көшбасшы жастар анықталып, марапатталды. Арнайы алғыс хатты облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев пен елге еңбегі сіңген азаматтар тапсырды.

«Жеңімпаздарды анықтау оңайға соққан жоқ. Біздің қаладағы жастолқынның қазіргі қадамы мен аяқ алысына қарап қуанып, марқайғанымды  жасырмаймын. Осы орайда тіпті, бір номинацияға орындар енгізіп, бірнеше адамды жүлдеге қосқымыз да келді. Бірақ, байқау шарты бойынша әрбір мәртебе 1 ғана адамға тиесілі болғандықтан, олай жасай алмадық. Тек ұстаздардың номинациясын мектеп пен ЖОО мұғалімдері деп бөлек қарастырдық. Ал жеңімпаздарға рухани қазына – кітаптар сыйлап жатырмыз. Менің ойымша, кез келген жас осы Елбасымыздың тапсырмасымен жарық көрген жинақтарды оқып-таныса, өз еліне еселі еңбек етіп, гүлдену жолында үлесін қосады», – деді Жандос Қалтаев.

Ал жүлделерді тағайындайтын арнайы комиссия құрамынан ҚР Журналистер Одағының Шымкент қаласы бойынша төрайымы – Айгүл Қапбарова, күні кеше ғана Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» медальін алған ұлағатты ұстаз –  Алина Робертовна және айтыскер ақын  – Біржан Байтуов пен қалалық спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртай табылған. Барлығы 15 адам мегаполистегі көшбасшы жастардың жетістігі, қабілет-қарымы мен талант-талабын сарапқа салған-ды.

Сонымен, биыл 8-рет ұйымдастырылған байқауға қатысу үшін 170 жастан өтініш-хат түскен. Оның 35-і жеңістің төрін бағындырып, мерейі тасыды. Арасында «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық  басылымының тілшісі Азамат Жаппар да бар. Әріптесіміз «Үздік жас журналист – 2018» номинациясын жеңіп алды.

Азамат Жаппар, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі: «Журналистика саласында еңбек етіп жүргеніме биыл – 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында өңірдегі, қаладағы жастардың тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктерін, келелі мәселелерін қозғап, қоғамға айтып-жазып, жеткізумен келемін. Жастар саясатының дамып, өрлеуіне менің де аз-кем болса да үлесім болған шығар. Бастысы, менің мақаламды оқырмандар оқып, бағасын беріп, жастардың бет алысын бағамдап жатады. Соған қуанамын! Ал бүгін арнайы шақырып, жылдың үздігі деп танып жатыр екен, ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Ерекше қуанып, қобалжып тұрғанымды жасырмаймын».

Айта өтейік,  «Үздік жастар премиясы-2018» байқауы биыл желтоқсан айында жарияланды. Және жобаны Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері басқармасы ұйымдастырып отыр.