Минералды судың орнына таза ауыз су тұтынатын болды

1094

Шалғайдағы ауыл тұрғындары шелектеп су тасымайтын болды. Бұған дейін арбасын сүйреп, ауыз суға зар болған құрсайлықтар тіршілік нәріне қол жеткізді. Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылына қарасты елді мекендегі ағайын үйлеріне су кіргізіп мәз. Ал жылдар бойы минералды су тұтынып келген жаңаарықтықтар таза сумен қамтылды.

Құрсайлықтар енді су таситын көліктің жолын тоспайды. Аулаларына орнатылған құбыр арқылы таза су ішіп, тіршілік нәрін тасу машақатынан құтылды. Өңірлерді дамыту бағдарламасының шапағатын көрген көпшілік, ел қатарына қосылып жатқандарына қуанышты.

Бұл күнді Кеңес Одағы кезінен бері күткен тұрғындар ұңғыма қазылып, ауыз су жүйесі тартылғанша тағаты таусылғандарын айтады. Мердігер компанияның жұмысшыларына көмектесіп, тіршілік нәрін үйді-үйге кіргізгенше тыным таппаған. Ұңғымадан шыққан су бактерецидті тазарту арқылы елді – мекенге тарайды. Яғни, ауылдықтар сапалы суды тәулік бойы тұтынады.

Ал Жаңа арықтағы жұрт бұған дейін минералды су тұтынып келген. Пайдалы болғанымен, ащылығын айтып талай жерге шағымданған. Биыл талап-тілектері орындалып, таза ауыз суға қол жеткізді.

Марат Сейтімбетов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбарасы: “2018 жылы жалпы 10 елді – мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы бөлінген болатын. Екі елді мекен биыл тапсырылды. Ал қалған елді мекендерді 2019 жылы толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Кеңес өкіметі тұсында да жер асты су қорын анықтау, барлау жұмыстары жүргізілмеген. Ал 2015-16 жылдары 24 елді – мекенде жер асты су қорларын барлау жұмыстары жүргізілді. Соған сәйкес ауылдарға ұңғыма қазу, орталықтандырылған ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізілуде».

Осылайша 420 үй магистралды су құбырына қосылып, тіршілік нәріне қол жеткізді. Айта өтейік, Сарыағаш ауданында 14 ауылдық округ, 70 елді мекен бар. Оның 44 пайызы сапалы су ішеді.

Ардақ Жақсылықова