Шымкентте жаңа жылдық екі шырша орнатылды

477

Шымкенттіктер жаңа жылды қарсы алуға қызу кірісіп кетті. Сала мамандарының айтуынша биыл қаланы жаңа жылдық безендіру үшін бюджеттен 70 млн. теңге қаражат бөлінген.

Осы қаржыға Әл Фараби атындағы орталық алаң мен Әкімшілік іскерлік орталығына 15 метрлік екі шырша және қала көшелеріне кіші сәулеттік формалар орнатылып жатыр.

Әл Фараби алаңына биіктігі 15 метрлік жаңа шырша қойылды. Халық көп жүретін алаң, оның үстіне жанында жаңа арбат орналасқанын ескерген жергілікті басшылар биылғы мерекелік шаралардың негізгілері осында өтеді деп шешіпті.

Шыршадан бөлек, арбаттағы кіші сәулеттік бейнелер де мұнда өзара үйлесім тапқан. Көпшілік қазірдің өзінде әр күні кешкісін осында серуендейді.

Ал Әкімшілік іскерлік орталығына орнатылып жатқан шырша бұрын да қолданылған. Ол биыл үшінші рет пайдаланылмақ. Десек те, мердігерлер жасыл шыршаны көз тартарлықтай, тартымды етіп құрастыруға барын салып жатыр.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары: «Жаңа жыл қарсаңында қаланы безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда ғана ашылған арбатта жарықшамдармен көмкерілген, 12 «періште» орнатылды. Үйлердің жан-жағы да безендірілуде. Арбаттың бойында 40 шақты музыкалық дыбыскүшейткіш қойылды. Қаладағы Темірлан тас жолы, Бәйдібек би, Д.Қонаев, Ұ.Арғынбеков көшелері мен Астана даңғылында безендіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық орындарда күйме, киіз үй сынды кіші архитектуралық мүсіндер орнатылды».

Шырша орнатуға кіріскен мекеме басшыларының айтуынша, бұл алаңға шыршадан бөлек 80 түрлі үлкенді, кішілі сәулеттік формалар қойылған.

Естеріңізде болса, өткен жылы жаңа жылдық мереке қарсаңында қатты дауылдан шырша құлап зақымдалған еді. “Биыл ондай болмайды, шырша діңгегін мықтап бекіттік»  дейді жауаптылар.

Үшінші мегаполис мәртебесін алған Шымкент қаласының тұрғындары үшін осылайша, биыл екі шырша қойылмақ. Оған қоса, қаладағы мекеме, ұйымдар және кәсіпкерлер өз ғимараттарының алдына үлкенді – кішілі жасыл шыршалар орнатуға кірісіп те кетті. Сондықтан, қаламыз мереке күндері әсем күйге бөленері сөзсіз.

Нұрлан Күдерұлы