БАЛАМЫЗ БАЛАБАҚШАДА НЕ ЖЕП ЖҮР?

1169

Жер кезегіне, баспана кезегіне тұрғанмын, бірақ кезегімнің жылжитын түрі жоқ», «Төртінші балама жүктімін, жәрдемақым қалай есептеледі?», «Баламды балабақшаға кезегіне қойдым, қашан келеді?». Редакцияға қоңырау шалатын оқырмандардың десі осы және басқа да әлеуметтік салаға қатысты сауалдар мазалайды. Ендеше оқырмандардан келіп түскен сауалдарды топтастырып, жауапты сала мамандарына жолдадық.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ:

ОҚО бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімінің мекенжайы: Шымкент қ., Ә. Диваев көш., 148 үй.

Балам туғанда құжат өткізбедім. Енді қайтпекпін?

Оқырмандардың сауалына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Н.Қаражанова жауап берді.

С: 2017 жылдың қазан айында төртінші баламды босандым. Алайда, құжаттарымды сол кезде өткізе алмадым. Енді ЗТМО-ға барсам: «жәрдемақыдан қағылдыңыз» дейді. Айтуларынша, құжаттарымды 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін өткізгенімде 1 жасқа дейінгі ай сайын берілетін жәрдемақыны алады екенмін. Енді қайтпекпін? Күйеуім жұмыссыз. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Мемлекеттен ешқандай көмек алмаймын ба?

Әлия

Ж: «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 28 маусымдағы №63 Заңының 8-бабына сәйкес, бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы бала туған күннен бастап ол бiр жасқа толық толғанға дейiн тағайындалады. Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан беріледі. Сондықтан да сәбиіңіз 1 жасқа толмай тұрып құжаттарыңызды өткізуге мүмкіндігіңіз бар.

Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін босанса, олардың бала күтімі үшін берілетін жәрдемақысы бала туған күннен 2017 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы мерзімге дейін ғана тағайындалады. Мысалы нәресте 2017 жылдың 3 наурызында туылса, 3.03.2017-31.12.2017 ж аралығына жәрдемақы тағайындалады.

Жоғарыда аталған заңның 10 бабына сәйкес, бала туғанда берілетін жәрдемақы: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК (1 АЕК=2405 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК-ні құрайды. Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан төртінші баланың туылуына біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – 151 515 теңгені құраса, оның 1 жасқа толғанға дейінгі күтіміне мемлекет тарапынан – 21 405 теңге көлемінде жәрдемақы алып отырасыз.

 Бала туғанда берілетін жәрдемақыны қалай есептейді?

С: «Жасым 25-те. Жұмыс істегеніме 1,5 жыл болды. Айлығым тұрақты. Ай сайын 50 мың алып отырмын. Жақында екінші баламды босанамын. Құжаттарымды ХҚКО-ға тапсырдым. Ондағылар: «1 жасқа дейінгі бала күтіміне – 16379 теңге шығады» деді. Бірақ менімен бірдей жалақы алып жүрген әріптестерім бұдан көп алады. Білейін дегенім, жәрдемақы неге негізделіп және қалай есептеледі?

Алмагүл

Ж: «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі 405 Заңына сәйкес, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысы болып табылатын және әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезге дейін өзі үшiн әлеуметтiк аударымдарды жүргiзген азаматтарға тағайындалады.

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем, баланың туу туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге дейiн тағайындалады.

ЕСКЕРТУ: баланың туылған күнінен 12 ай асып кетсе, тағайындалмайды.

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер, табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстыру коэффициентiне, яғни 0,4-ке көбейту арқылы айқындалады. Табыстың орташа мөлшерін шығару үшін: әлеуметтік төлемге құқық басталған (декретке шығатын) кезге дейінгі 24 айдағы әлеуметтік аударымдары (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) ескеріледі. Яғни, 2 жылдың табысын 24-ке бөлу арқылы айқындалады.

Мәселен, декретке шығатын әйел 2 жыл тұрақты жұмыс істеді. Айлығы 50 мың теңге және оның әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жасалған делік. Әйелдің 2 жылдық табысы 24-ке бөлініп, 0,4 коэффициентке көбейтіледі.

1200000/24*0,4=20000 теңге. Яғни, жалақысы 50 мың теңге болатын әйелдер ай сайын бала 1 жасқа толғанша – 20 000 теңге жәрдемақы алып отырады.

Жалақысы 50 мыңнан жоғарылар үшін мәсал келтірелік. 2 жылдық табысы – 3 500 000 теңге болса.

3500000/24*0,4=58333 теңге.

Осы ретте, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 10 еселенген мөлшерінің 40%-нан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс екенін естен шығармаған жөн.

Сіздің жағдайда жұмыс істегеніңізге 2 жыл толмағандықтан, МСӘҚ-нан емес, мемлекет тағайындайтын жәрдемақыны аласыз.

Оның мөлшері:

Бірінші балаға – 13853 теңге;

Екінші балаға – 16379 теңге;

Үшінші балаға – 18880 теңге;

Төртінші және одан көп балаға – 21405 теңгені құрайды.

Балабақшаның ас мәзірін кім қадағалайды?

Оқырмандардың сауалына Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлзина Уәлиханова жауап берді.

С: «Балам Шымкент қаласындағы мемлекеттік балабақшалардың бірінде тәрбиеленеді. Баламнан әр күні кешкісін қандай тамақ ішкендерін сұрасам, айран, ақтаған арпа (перловка) мен қарақұмық ботқасы, қырыққабат сорпасынан басқа ешнәрсе айтпайды. Алма, банан және тағы басқалай жеміс берді дегенді естіген емеспін. Жыл басында балабақшаның төлемақысы ас мәзіріне байланысты көбейтілген болатын. Содан тәрбиешісіне де талай мәрте ас мәзірі туралы ескерттім. Бірақ, нәтиже шамалы. Сұрайын дегенім, балабақшадағы ас мәзіріне кім жауап береді. Ас мәзірі неге негізделіп құралады?

Талғат

Ж: «Мектепке дейінгі мекемелерде балалардың тамақтануы «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы №615 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Балабақшаларда маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) ас мәзірі жасалады. Оны балабақшаның меңгерушісі мен медициналық ас-дәм бикесі құрады. Мәзірді құру кезінде аймақта өндірілетін отандық өнімдер тізімі, дәрумендері ескеріледі. Санитариялық қағидаларға сәйкес бір өнімді, тағамды және аспаздық бұйымды басқаларымен алмастыруға жол беріледі. Мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2-3 күнде қайталауға болмайды. Күн сайын тамақтану рационында ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай немесе бидай наны, көкөністер және қант болуы қажет.

Мысалы, таңғы ас: ыстық тамақтан (бірінші немесе екінші), ыстық сусыннан, сары май, ірімшік, жұмыртқа қосылған бутербродтан тұруы мүмкін. Бұдан бөлек таңғы асқа шырындар, жемістер беріледі.

Түскі ас бірінші және екінші (негізгі ыстық тамақ еттен, балық немесе тауықтан жасалады) тамақтан, сусыннан (компот, кисель, шай) және салаттан тұрады.

Бесінде кремсіз кондитерлік өнімі немесе тоқаш пен сусын (сүт, қышқыл сүт өнімдері, кисель, шырын) беріледі.

Балалардың тамақтану жиілігі 3,5-4 сағаттан аспайды.

Шымкент қаласы әкімінің қаулысы негізінде 3 жастан асқан баланың 1 күндік тамақтануына – 527,94 теңге (1 балаға), 3 жасқа дейінгі балаға 1 күнге – 436,75 теңге (1 балаға) бөлінеді.

 Балабақшада пән мұғалімдері қайдан жүр?

С: «Мамандығым бастауыш сыныптарының мұғалімі. Бірақ, бірнеше жылдан бері жұмыс таба алмай жүрмін. Алайда, денешынықтыру, тарих, биология пәндерін тәмамдаған таныстарымның балабақшада жұмыс істеп жатқандарын байқадым. Білейін дегенім, балабақшаға қандай мамандық иесі жұмысқа қабылданады? Ал мен пән мұғалімі ретінде қайда жұмысқа орналаса аламын?

Айсұлу

Ж: «Балабақшаға пән мұғалімдері қажеттілігіне (дене шынықтыру, ағылшын тілі, орыс тілі және қазақ тілі) байланысты қабылданады. Басқа мамандық иесінің тәрбиеші болып істеуіне жол берілмейді. Шымкент қаласы әкімдігінің 24.08.2016 жылғы №1789 қаулысының негізінде, білім беру мекемелеріне кадрларды қабылдау кезінде қызметкердің білімі мен біліктілігін, іскерлігін анықтау мақсатында конкурстық негізінде іріктеу жүргізіледі. Ал сіздің Шымкент қалалық білім бөлімінің shymkent.edu.kz ресми сайтындағы «мұғалімдерге жұмыс» айдары арқылы бос орындар тізімімен танысып, құжаттарыңызды электронды түрде тапсыруға мүмкіндігіңіз бар.

 Мүгедектерге берілетін құралғылар

Оқырманның сұрағына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ОҚО бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімінің бас маманы Сырым Шонанов жауап берді.

С: «Бірінші топ мүгедегімін. Қос аяғымнан айырылғаныма 30 жылдан асып кетті. Бұған дейін демалыс аймақтарына тегін жолдама алып келдім. Жақында қоларба алдым. Сұрайын дегенім, бұдан басқа қандай құрал-жабдықтарды аламын?»

Сәндібек

Ж: «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22-қаңтардағы №26 бұйрығының 1-қосымшасына сәйкес:

жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін;

2-қосымшаға сәйкес:

санаторий-курорттық емделуді;

3-қосымшаға сәйкес:

техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар:

белсенді ұстағыш;

міндетті гигиеналық құралдармен:

санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық;

дәретхана бөлмесіне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар;

ұсынуға мүмкіндік болатыны туралы хабарлайды.

Абай аудандық МӘС – 32-47-68

Әл-Фараби аудандық МӘС – 32-48-66

Еңбекші аудандық МӘС – 32-46-95

Қаратау аудандық МӘС – 39-33-97

Сонымен қатар халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы стандарттарын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығына 2-қосымша Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет алуға болады.

Дайындаған: Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ