Нұржан Төлендиевтің салыққа қомақты қарызы бар

1294

Саясаткер де, сатирашы да салыққа қарыз. Жер және мүлік салығын төлеуден жалтарып жүргендердің қалтасы таяз дей алмайсыз, әрине. Ал қазына қазанына түсуі тиіс қарызды өтеу үшін салықшалар табанынан тозып жүр бүгінде.

Сын садағына салықшыларды жиі ілетін Тука яғни, Нұржан Төлендиев біреулер үшін тиынға пара пар, ал енді біреулер үшін қомақты болып көрінетін біраз сома мемлекет қазынасына қарыз. Бір жылға есептелінген 147 мың теңге жылжымайтын мүлік және жер салығын төлеуді ұмыт қалдырыпты.

Мейрамбек Бексұлтанов, Еңбекші аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Бүгін берешектерден өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тараз шағынауданының тұрғыны Төлендиев Нұржан Темірханұлының 2017 жылға төленбеген 146 866 мың теңге қарызы бар. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп салықтарын төлеу үшін хабарлама қағазын беріп отырмыз. Алдын ала хабарлама электронды түрде кеткен. Жауап жоқ. Осы күнге дейін төлемеген. Алдын 5 күн, одан кейін бір ай уақыт беріледі. Одан кейін сот орындаушыларына жолданады. Бұл процестің бәрі жүріп қойған».

Ал Нұржан Төлендиевке хабарласқанымызда «2017 жылға салықты төлегенбіз. Досым екеуміз ЦОН-ға барып төлеп қойдық. Үйдің техпаспортын алатын кезде 2018 ге дейін төлегенмін. Барайын, бетпе бет жолығайық. Іс сапарда едім, барған соң бәрін көріп беремін» деді.

Бұл жерде бір түсінбестіктің бары анық. Дегенмен мамандар мемлекеттік органның базасынан қате кетуі мүмкін емес деп отыр… Расында салық төлеушілердің қарызы туралы мәліметтер базасында Төлендиевтің қарыз екендігі тайға таңба басқандай белгілі болып тұр…

Бұдан бөлек осы шағынауданда тұратын байшыкештердің біразы салыққа қарыз. Тек ауқаттылар ғана тұратын шағынаудандағы мына зәулім сарай қарапайым шаруа адамының үйі емес. Үш үйдің аумағын алып жатқан алып хан сарайына тұмсық тығу мүмкін емес. Мамандардың айтуынша бүгінде Астанада отырған саясаткердің үйі көрінеді. Күзетші үйде ешкім жоқ екенін айтты.

Дияс Шәріп, бас маман: «Бүгінгі таңда «Тараз» шағынауданында 47 үйдің тұрғыны Псебаевтың жер және мүлікке 213 мың теңге салығы бар. Ескертпе хат бердік. Сот орындаушыларына өткен. Қазір 2017 жылға берешегін әлі төлемей отыр».

Салыққа сараңдардың қатары мұнымен де бітпейді. Жалпы элиталық аудан саналатын «Тараз» шағынауданында «шық бермес шығайбайлар» жетіп артылады. Бүгінде дәл осы тараздық 20 тұрғын мемлекетке берешек. Алайда салығын төлеуге асығар емес.

Гүлжан Көшерова