Отбасын бір өзі асыраған 13 жасар Ағабекке қайырымды жандар баспана сыйлады

511

Он үш жасар Ағабек баспаналы болды! Қыстыкүні жаздық аяқ-киіммен жүрген баланы байқаған жомарт жандар көмек берді. Қара суықта темір өткізіп, тапқан ақшасын отбасын асырауға, жалдаған пәтер құнын төлеуге жұмсап келген. Енді бұл күн келмеске кетті. Бүгін ел ағалары су жаңа баспанасына көшіріп, төбесін көкке жеткізді.

13 жасар Ағабек құрдастарымен асыр салып ойнаған емес. Есіл-дерті бес бауырын аш қалдырмау. Аурушаң шешесінің дәрі-дәрмегіне ақша тауып беру. Осының бәрі кішкентай болса да, Ағабектің мойнында. Анасы зауыттағы ауыр жұмыстан кейін еңбекке жарамай қалған. Ал әкесі ішкілікке салынып кеткен. Ақыр соңы анасы екеуі айрылысып тынған.

Ағабектің анасы, Мухаббат Баева «Тойханада анда-мұнда жұмыс істедім. Ақыр соңында бүйрегім ауырып, жатып қалдым. Бір айдан кейін балам ақша тауып келе бастады. Кеш келетінді шығарды. Басында айтпай жүрген. Кейін ағалармен жұмыс істеп жүрмін деп айтты. Қорғасын зауытта темір жинап, соны өткізіп түнде келеді. Күніге 3000-4000 теңге тауып келеді. Бар ақшасын маған береді. Сол баланың арқасында бүйрегімді емдедім».

Ағабек аурушаң анасы мен төрт қарындасы және 2,5 жасар інісімен бірге құрқылтайдың ұясындай пәтерді жалға алып тұрып келген. Өзі аядай болса да, төленетін ақшасы қомақты, 13 000 теңге. Ай сайын тек Үкіметтен түсетін 16 000 теңгеге күн көріп отырған ана үшін бас ауыртар мәселе осы болған. Тіпті пәтерақының төленбегеніне бірнеше ай толыпты. Соның әсерінен бе Ағабек көбірек темір жинау үшін үй бетін де көрмей кеткен. Сондай күннің бірінде Бахтияр есімді азамат көріп қалған. Бұғанасы қатпаған баланың өмір тарихын жүрегімен қабылдапты.

Бахтияр Ботаев, ерікті: «Жұмыстан қайтып келе жатқанда май құю бекетінің қасынан бір баланы көрдім. Көзімнің түскен себебі өзімнің баламмен қатар екен. Қолында темір. Үсті басы лай-лай. Бірден көлігімнен түсіп жанына жақындап, сосын үйіне бардық. Ағабек мен және балам бар еді қасымда. Барсақ, кішкентай қыздар шықты. Қарындасым, үйде тамақ бар ма бауырың аш сияқты деп едім. Мамамызды күтейікші деді. Мамаң қайда десем жұмысқа кетті деді. Әпкесіне су қойшы дедім. Ағабектің аяғында жұп-жұқа кроссовка.Ішіне лай өтіп, тура бір нәски сияқты жабысып қалған ғой.»

Ағабек бұл хәлін өзгелерге жеткізген. Темір жинап отбасын асыраған балаға жомарт жандар көмекке келді. Нәтижесінде, су жаңа баспана әперіп, бір отбасына қуаныш сыйлады.

Енді балақай, баспана мәселесімен бас ауыртпайды. Есесіне, сабағын оқып, аулада емін-еркін ойнай алады. Өзі мен бауырлары кәмелет жасқа толғанша қарайласар жандар барына қуанышты.

Ағабек Кариллаев «Күндердің күнінде бір ағаны кезіктірдім. Ол кісінің арқасында осындай үй иеленіп отырмыз. Осыған қуаныштымын. Енді қарындастарымның жеке бөлмелері бар».

Көптің көмегімен тағы да бір отбасы баспаналы болды. Баланың ұрланған балалығы қайтарылды.

Меруерт Ахан