Шекарадан заңсыз өтпек болған ресейлік ұсталды

208

Қостанай шекара отрядына қарасты «Обаған» заставасының аумағында Шекарашылар Ресейден келген шекара бұзушыны ұстады. Өткен түнде, сағат 22.30-дар шамасында «Обаған» шекара заставасында «Радиотосқауыл» кешені дабыл берді. Бұл ел аумағына «шақырылмаған қонақ» келгендігін білдіреді.

Дабыл тобы шұғыл түрде шекара сызығына қарай аттанып, Ресейден біздің елімізге қарай кірген бір жаяу адамның ізін тапты. Түнде көретін, жылу сезетін, т.б. арнайы құралдар көмегімен, сағат 23.15-те 1989 жылы туған Ресей азаматы ұсталды. Айта кетерлігі, екі күн бұрын бұл азамат Қазақстан аумағына кіруге тиым салынғандар тізімінде болғандықтан «Ақбалшық-авто» өткізу бөлімшесінен елімізге кіргізілмей, кері қайтарылған болатын.

Құқық қорғау органдары және Ресей Федералдық Қауіпсіздік қызметінің Қорған, Тюмен шекара аумақтары бойынша жедел кезекшісі хабарланды.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі