Шымкенттіктер «Айка» фильмін ақпан айының соңына дейін тамашалай алады

280

Шымкентте «Айка» кинотуындысының ресми көрсетілімі өтті. Фильмнің біздің қаламыздағы тұсаукесеріне режиссер мен басты рөлді сомдаған актриса да қонақ болып келді. Канн кинофестивальінен «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған киноны тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды.

Бұл попкорн жеп отырып қарайтын кино емес. Фильм басталар алдында кинотуындының режиссері Сергей Дворцевой осылай деді.. Залда отырған көрермендер осы сөздерден кейін-ақ Айканың тағдырының оңай еместігін ұқты.

Айка есімді қырғыз қыз тәтті өмірді аңсап Мәскеуге келген. Алайда, бәрі өзі ойлағаннан мүлде басқаша болып шықты. Белгісіз біреуден зорланған қыздың аяғы ауырлап қалады. Тығырықтан шығудың жолы баласын перзентханаға тастап қашып кету деп тапқан мигрант қыздың әлі көрер қиындығы көп еді. Режиссер Сергей Дворцевой барлығын еш кемшіліксіз ойластырған.

Сергей Дворцевой, режиссер: «Пепси кола барлығына ұнайды. Попкорн да сондай. Ал бұл фильм біреуге ұнайды, ал біреуге ұнамайды. Менің жұмысым жақсы фильм дайындау, бастысы адамдарға ой салу. Бұл сериал емес, бұл комедия да емес, бұл қарапайым бір қыздың тағдыры. Маған сенсеңіз, Мәскеуде дәл осындай күйде өмір сүріп жатқан қыздар бар. Ал бұл фильм боямасыз өмірдің экрандағы көрінісі».

40 елден 190 кинокартинаның арасынан үздік шығып, номинация иегері атанған Самал Еслямова түсірілімде алған әсерін әлі де ұмыта алмай жүргендігімен бөлісті. Ал өзіңізде осындай жағдай болса, қайтер едіңіз деген сұраққа сенімді түрде, ешқашан баламды тастамас едім деп жауап қатты.

Самал Еслямова, актриса: «Жоқ, қандай жағдай болса да баламды тастамас едім. Бірақ, ондай әйелдерді сынап немесе ақыл үйреткім келмейді. Тек қана әрдайым дұрыс шешім қабылдап, дұрыс ойлаңыздар дегім келеді. Мен үшін Айка үлгі болды. Қандай проблема болса да, мойыған жоқ».

Екі сағат бойы фильм тамашалаған көрермендердің басым көпшілігі терең ойға батып шықты. Бірі фильм мақсатын түсіндім десе, енді бірі фильмнің жалғасы болуы керек дейді.

«Айка» фильмі Қазақстаннан өзге БҰҰ елдерінде де көрермендерге көрсетілуде. Ал шымкенттіктер жерлесіміз Сергей Дворцевойдың режиссерлігімен түсірілген кинотуындыны ақпан айының соңына дейін кинотеатрдан тамашалай алады.

Меруерт Ахан