Түркістан қаласының әкімі қанағаттанарлық деген баға алды

500
Есепті жиыннан көрініс

Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев 2018 жылда атқарылған жұмыстар  бойынша халық алдында есеп берді.

Түркістан Қазақстанның рухани орталығы ретінде үш бағытта дамиды.

Біріншісі  – тарихи аймақ. Яғни, Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы 18 нысанды қайта жаңғырту жоспарланған. Екінші бағыт -рухани-мәдени орталық. Аймаққа «Ұлы дала кешені», Қ.А Ясаи мұражайы, Амфитетар, Шыңыс моншасы, субұрқақ, Қабылдау орталығы мен Түркі халықтарының ғылыми кітапханасын салу жоспарланған.

Құрылысты бастауға кедергі болып тұрған үй иелерінің саны 46. Бұл азаматтар мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдеріндегі үйлерінің бағасына келіспей отыр. Бұл мәселесе есептік кездесуде де көтерілді.

Гүлбахрам Жүніс, республикалық «Желтоқсан қозғалысының» төрайымы:  «Кесене жанында орналасқан баспаналарын сүруге 46 адам қарсылық білдірген. Олар бағалаушылармен келіспей отыр. Бізде бір өтініш,  сол мәселені   әділ, заң шеңберінде шешілуіне ықпал жасасаңыз».

Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев 2018 жылда атқарылған жұмысты баяндауда

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: «Өздеріңіз де сол азаматтармен кездесу өткізгенде болдыңыз. Құқықтары да түсіндірілді. Қазір келіспеген азаматтардың үйін қайта бағалау жүргізіліп жатыр. Олар тәуелсіз сарапшыларға жүгінді. Барлық іс-шаралар заң шеңберінде өтеді».

Қала әкімінің өткен жылы атқарған есебін тыңдаған ардагерлер өздері бас қосатын орын сұрады. Өтініші әкімшілік әскерлік орталығы толық салынып біткен бойда орындалатын болды. Есепті жиында тозығы жеткен үйлерді жаңғырту мәселесі де үй төрайымдары тарапынан көтерілді.

үй төрайымдары белсенділік танытты

Диляра Батырова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Мен 1,2 шағынаудандарының ұй төрайымымын. Былтыр бірқатар үйлерді модернизациядан өткізіп, жөндеп алдық. Енді қалған үйлерді  жаңалап алсақ жақсы болатын еді».

Белсенді  төрайымның бұл ұсынысы бойынша жұмыс жасалуда. «Енді үйлердің қас бетін әрлеп қана қоймай, қаптаймыз, сонда ол ұзақ тұрады» деп жауап берді қала басшысы.

Жиын соңында биылғы жылы атқарылар жоспарлар да таныстырылды. Шаһар басшысы Көне Түркістандағы тар көшелер кеңейтіліп, алапқа сай ирригациялық жүйелер тартылып, жаяу жүргіншілер жолағы төселетінін жеткізді.

Қаланың келбетін түрлендіру мақсатында гүлзарлар мен демалыс орындары көптеп салынбақ. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы атына сай дамиды. Статусы өскен өңірдегі тұрғындары әкімнің жарты жылда атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп тарқасты.

Шынар Оразова