Түркістанда жер телімдерін алу бойынша біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мәселелері талқыланды

269

 Түркістан облыстық сотының оқу орталығында жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу санатындағы істер бойынша біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.

Оған облыстық және Түркістан қалалық соттарының судьялары, облыстық прокуратураның, облыс әкімдігінің, облыстық жер қатынастары, жер қатынастарын бақылау, сәулет және қала құрылысы, сәулет және қала құрылысын бақылау басқармаларының, Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық соттың Азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов ашып, бүгінгі таңда Түркістан қаласының мәртебесі өзгеруіне байланысты жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан Түркістан қалалық сотына осы санаттағы түскен істердің саны бірнеше есе көбейгенін атап өтті.

«Бүгінгі іс-шараға осы салаға тікелей қатысты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып отырғандықтан белсенділік танытып, осы дауларға қатысты өз пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды айта отыруға шақырамын» – деді Т. Бекімбетов.

Түркістан облыстық сотының судьясы Аят Алшынбаев, Түркістан қалалық сотының судьялары Дина Бейсенбекова және Қымбат Чингиспаева сотқа соңғы кезде түсіп жатқан жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алуға байланысты кейбір талап арыздарға қоса тіркелетін құжаттардың толық болмауына байланысты істерді заңмен белгіленген мерзімде қарау қиындық тудырып отырғанын атап өтті.

Жиынға қатысып отырған басқармалардың өкілдері өздерінің тараптарынан орын алып жатқан кешіліктердің себептерін түсінідірді.

Пікір алмасу барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр басқарма өкілдеріне алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау туралы ескертті және қатысушыларды Түркістан қаласының болашақта даму жоспарымен таныстырып, осы санаттағы істердің әлі де көп болу мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсыныстар келтіріп, алдағы уақытта өзара тығыз байланыста жұмыс атқаруға келісті.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі