Жеті айдан бері әкімсіз отырған ордабасылықтардың шағымы шаш етектен

695

Ордабасы ауданын көгілдір газбен қамту жұмыстары кешеуілдеуі мүмкін. 2021 жылға дейін табиғи газ мәселесі толықтай шешіледі деген шенеуніктер уәдесі құрғақ күйінде қалып отыр. Бұл мәселені бүгін халық қалаулылары аудан әкімі міндетін атқарушы Ғалымжан Үсенбаевтың есептік жинында көтерді. Аудан белсенділері жергілікті атқамінерлер алдында өзге де күйіп тұрған жәйттерді жайып салды.

Жергілікті атқамінерлерден бастап коммуналшыларға дейін есептік жиынға қызу дайындалуда. Бірі айналаны тазартса, енді бірі келушілердің жайын жасап жүр. Жыл он екі ай күткен есептік жиын да басталды.

Аудан әкімі міндетін атқарушының айтуынша барлық салада өсім бар. Жоспар ойдағыдай. Осындай тектес цифрлы мәліметтерге толы баяндама жұртты мезі етті ме, залдағылардың назары спикерде емес, телефонда болды.

Есепке көңілі толмағандардың бірі ақыры ел алдына шықты. Атқамінерлер назарын жұмыссыз жастарға, кадр тапшылығына аударып, шенеуніктердің осы мәселелерге ден қоюйын сұрады.

Ауданды көгілдір отынмен  қамту жұмыстарына қатысты уәде де сол құрғақ құжаттарда ғана қалып қоятын түрі бар. Мәселен, Ордабасы мен Арыс ауданын табиғи отынмен қамтуы тиіс автоматттандырылған газ тарату стансасы іске қосылғаннан кейін үш жылда үш бидің басын қосқан қасиетті мекеннің жергілікті халқы толықтай өркениетке қол жеткізуі тиіс еді. Қазір нысанның құрылысы біткен. Алайда, 2021 жылға жоспарланған газдың ауылы алыстап кететін сыңайлы.

Әділхан Исабаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «2021 жылы атқарылып бітетін жұмыс 2025 жылға созылып жатыр. Өзім де басқармаға ұсыныс жібердім. Сіздер де жіберіп көріңіздер».

Ғалымжан Үсенбеав, Ордабасы ауданы әкімінің міндетін атқарушы: «Әзірге бөлінген қаражаттарға жұмыс жасала береді. Біз де бұл жұмыстардың тездетуін қажет етеміз».
Күйіп тұрған мәселенің бірі бастауын Арыс өзенінен алатын Құртай арығындағы мына бөгет. Бірер жылдан бері апатты жағдайда тұрған нысанның жайы жергілікті шенеуніктердің басын ауыртып отырған жоқ дейді ауыл тұрғыны. Егер тез арада қалпына келтірмесек, егінші қауым құрғақшылыққа тап болады дейді ол.

Бас-аяғы оншақты сауалға жеке тоқталмай жалпылама жауап беруді ұйғарған Ғалымжан Қарабайұлы мен аудан есебін тыңдау үшін Түркістаннан ат терлетіп келген облыс әкімінің орынбасары арыз-шағымдардың еленіп, ескерілетінін айтып тарасты.

Мақпал Рысбаева