Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің «уәжін» жоққа шығарды

718

«Ит қауып, аяқ-қолыңыз сынса, бүгін-ертең тиісті емнен қағыласыз. Себебі, №1 Шымкент қалалық ауруханасының амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология бөлімшесі дәрігерлерінің қазіргі уақытта науқастарға қарайтын мұршасы жоқ. Қайғылы жағдай орын алса да, медициналық ем-дом жасайтын жасақ пен мекеме әлі дайын емес». Осылай деп амалы таусылған аурухана дәрігерлері ашына бас көтеріп отыр.

№1 Шымкент қалалық ауруханасының амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология бөлімшесі. Абыр-сабыр. Дәлізді кезген жұртшылық, науқастар саулығын сарапталмақ түгілі, қайда барып, ем алуын анықтай алмай, абдырап жүр.

Нағима Орманова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жұма күні баламды ит қапты. Содан әлі жүрміз ем қабылдай алмай. Мұнда келсек, көшіп жатқан соң, емдей алмаймыз деп қарамайды. Анау жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына көшіп жатырмыз дейді, сонда барсақ, ешкім ештеңе білмейді. Жүрміз сандалып! Балама алда-жалда бірнәрсе болса, кім жауап береді?!».

Бұл жолы, дәрігерлердің әдеттегідей науқас қарап, ем-дом жасап жатқанына емес, ақ халаттылардың арызына куә болдық. Сөздеріне сенсек, ұжымға денсаулық сақтау басқармасынан еш ескертусіз аталған аурухана ғимаратын бүгін босатуы туралы уәж түскен.Соңынан, қаламыздағы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы мен жарақат бекетінің аумағына көшірілуін талап еткен-ді. Және қоныс аудару мен тиісті медициналық қондырғыларды тасымалдауды – бар шығынды дәрігерлердің өздеріне жүктепті. Сондықтан, қазір жыларман күйге түскен ақ халаттылар жүк көліктерге шамалары жеткенше «жасақтарды» жеткізуге көшкен.

Мұхтар Ильясов

«Көшу туралы сенбі, 2-наурыз күні айтты. Бізге Ю. Гагарин көшесіндегі жарақат бекетіне барасыңдар дейді. Ол апатты жағдайдағы ғимарат. Асxанасына жайғастырмақшы. Біздің емдеудегі талапқа да сай келмейді. Енді біз науқастарға қалай қызмет етіп, қалай ем жүргізетінімізді білмей отырмыз. Ол жақта ешқандай жағдай да жасалмаған, ешкім бізді күтіп отырған жоқ. Көшуге деген көлікті де өзіміздің ақшамызға жалдап отырмыз. Бұл қаншалықты заңды?», – дейді  бөлім  меңгерушісі  Мұхтар Ильясов.

Мұхан Утекеев, рабиология бөлімінің меңгерушісі: «Біз бүгін-ертең көшумен әлекке түсіп жүрміз! Сонда науқастарға кім қарайды? Ит қауып келген науқастар бар. Хирургияда ем қабылдап жатқандары да бар. Олардың өмірі де қатердің алдында болуы мүмкін. Ал қазір бізде арнайы қондырғыларды қойып, науқастарға қызмет көрсетуге мұршамыз да жоқ. Ешқандай жағдай да жоқ. Ақ халат киюге де уақыт жоқ. Себебі, өзіміз амалдап көшуіміз керек. Расында, қазіргі олқылыққа қалайша жол беруге болады? Біз ешбір ауруханаға сыймаймыз ғой. Себебі бізде 280 адамдай жұмыс жасайды».

Мәселеден xабардар Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы алдымен бізге, тілшілер қауымына сұxбат беруге құлықсыздық танытты. Сөз соңында шенеунік шиеленістің туындауын жоққа шығарып, өзекті жағдайға өздігінше жауап қатты.

Темірxан Варзилов

Темірxан Варзилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл ауруxананың көшуі туралы бұйрық қаңтар айында шықты. Сол уақытта ауруxана дәрігерлері мен қызметкерлеріне толығымен ескерту берілді. Ал көлік және көшу жұмыстары толығымен аурухана басшылығына жүктелген еді. Сосын, ешкім жұмыстан шықпайды, қысқарту да болмайды. Ал мұндағы жайғасып жатқан ауруханалардың ғимараттары ешқандай да апатты емес. Сондықтан бұл қадамды құптаймын».

Дәрігерлердің даурығуына жол жоқ дейді жауаптылар. Айтуларынша, орнын ауыстырғаннан ешнәрсе өзгермейді. Есесіне, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артады деп сендіреді. Ал орнынан қозғалған дәрігерлер басшылықтың бұл былығын түсіне алмай әлек.

Мөлдір Бекеева