Кезек күтпей баспаналы болуға бола ма?

323

Баспана кезегін күтпей-ақ, баспаналы болудың қандай жолдары бар? Редакцияға хат жазып, хабарласатын оқырмандарымыздың да көбісін осы мәселе мазалайды. Сонымен кезегін күткісі келмейтіндер не істейді? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.

36 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КЕЗЕГІН КҮТУДЕ

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша жергілікті атқарушы органда 36 884 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Алайда жоғарыда айтылғандай кезекке кез келген адам тұра алмайды. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы коммуналдық бөлімінің басшысы Жұлдыз Ордабекованың айтуынша, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,68,74 баптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналы болуға:
– Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;
– Мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері;
– Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар құқылы.
– 2018 жылы тұрғын үй кезегіне тұруға 8325 азаматтан өтініш келіп түсті. Оның 5161-нің өтініші қабылданып, кезекке қойылса, 1890 азаматтың құжаттары Заңға сәйкес болмағандықтан кері қайтарылған. Сонымен, бүгінгі таңда кезекте тұрғандардың 1716-сы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 14 282-сі әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын азамат, 20 866-сы мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскерилер болса, 20-ның жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған. Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған бұл санаттағы азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекеттік арендалы-коммуналдық немесе кредиттік негізде пәтерлі бола алады, – дейді бөлім басшысы.

АРЕНДАЛЫ-КОММУНАЛДЫҚ ПӘТЕР  – 100 ТЕҢГЕ (ш/м)

Бұл мемлекет есебінен салынған және кезекте тұрғандарға өз ретімен үйлестірілетін «жалдамалы» баспана. Бірақ, бұл негізде салынып та, беріліп та жатқан үйлер аз көрінеді. Мәселен, 2016 жылы – 2024 пәтер үлестірілсе, 2017 жылы тіпті берілмепті. Ал, ит жылында – 1152 отбасы арендалы-коммуналдық пәтерге қол жеткізген. Бұл азаматтар 2007 жылы кезекке тұрған көрінеді. Осы бағыттағы пәтерлердің өзгелерден ерекшелегі – оның төлем құнында. Жұлдыз Ордабекованың айтуынша, бұл үйлерге қол жеткізу үшін алдын ала ешқандай төлемнің қажеті жоқ. Оған оның 1 шаршы метрінің шамамен 100 теңгені құрайтынын қосыңыз. Сонымен есептеп көрелік.
Мәселен, қазір пайдалануға беріліп жатқан 1 бөлмелі пәтерлердің ауданы 40-41 шаршы метрді құрайды. Сонда мұндай баспана үшін ай сайын 4000-4100 теңге төленеді. 2 бөлмелі пәтерлердің ауданы 58-60 ш/м. Мұндай баспананың ай сайынға төлемі 5800-6000 теңге болмақ. Ауданы 73-78 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі пәтер үшін ай сайын 7300-7800 теңге төлейсіз. Алайда 1 шаршы метрі шамамен 100 теңге болатын бұл пәтерлер сатып алу құқығынсыз беріледі. Яғни, пәтер сіздің жеке мүлкіңіз болып табылмайды. Оны кепілге қоя алмайсыз және сата алмайсыз.

КРЕДИТТІК БАСПАНА алудың 3 тәсілі

Жергілікті атқарушы органда баспана кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында және «жалдамалы» пәтердің кезегін күтіп шаршағандар үшін мемлекет кредиттік баспаналарды ұсынуда. Бұл жайында толығырақ тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының несие және жекешелендіру бөлімінің басшысы Гүлнара Аширбаевадан сұрадық.

Бөлім басшысының айтуынша, кредиттік баспана 3 бағытта берілуде.
1. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы;
2. «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы;
3. «Бәйтерек девелопмент» АҚ бойынша.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болу үшін, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар аталған банктің салымшысы болуы керек.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар банктен депозит ашып, баспана құнының 20 пайызын жинауы шарт. Қалған сомманы банк 5%-пен 19 жылға дейін несиеге рәсімдеп береді. Бұл үйлер жергілікті атқарушы органдарының қаржысына салынады. Сондықтан да бұл пәтерлердің бағасы нарықтағы басқа үйлерден арзан. 1 шаршы метрі – 180 мың теңге. Яғни, 1 бөлмелі (37,2 ш/м) пәтер құны шамамен – 6,6 млн теңге, 2 бөлмелі (58,81 ш/м) – 10,5 млн, 3 бөлмелі (73,66 ш/м) – 13,2 млн теңгені құрайды. Маманның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болуда жергілікті атқарушы органдарда (ЖАО) кезекте тұрғандар мен белгілі бір санатқа жатпайтын банк салымшылары арасында пәтерді үйлестіруде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Үйлестірілетін пәтерлер екі бағыт (ЖАО кезекте тұрғандар мен банктің салымшылары) бойынша да теңдей бөлінеді. Мәселен, 200 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның 100 пәтері ЖАО-да кезекте тұрған, банкте депозиті бар азаматтарға, 100-і банктің өз салымшылары арасында конкусқа түседі.
– Айырмашылық тек осы жерде байқалады. Конкурс ЖАО-да кезекте тұрған, депозитінде баспана құнының 20 пайызы бар, осы бағыт бойынша пәтерлі болуға ниет білдіргендердің арасында ғана өтеді. Ол мысалы 90 немесе 120 адам болуы мүмкін. Мұндайда ЖАО-да кезекте тұрғандардың баспаналы болу мүмкіндігі басым. Көбіне талас-тартыс жоқ. Керісінше пәтерлер артылып қалып жатады. Мұндайда артылып қалған пәтерлер екінші жаққа, яғни банктің өз салымшылары арасындағы конкурсқа шығарылады. Бұл жақта жағдай басқаша. Банктің 78 мыңнан астам (ЖАО кезекте тұрып, депозит ашқандарды қоспағанда) салымшысы бар. Мұндағы конкурста бәсеке жоғары. Сондықтан да, ЖАО-да кезекте тұрып, біздің банктің салымшысы болу тиімдірек,- дейді Ақылбек Қоспанов.
Екінші тәсіл, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы алуға болатын үйлерді сол компанияның өзі салады. Сөйтіп, сатып алу құқығымен 5 жылдан 15 жылға дейін жалға береді. Тұрғын үйді компания салғандықтан оның құнын да өзі белгілейді. Бұл бағытта берілетін үйлердің ай сайынғы төлемі шамамен 80000-120000 теңге аралығында болуы мүмкін. «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның Call-орталығына хабарласқанымызда өзін Әйгерім деп таныстырған оператор: «жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтардың ешқандай санатқа жатпай осы бағыт бойынша үйлі болуды көздегендерден бір ұтары бар» деді. Айтуынша, оларға пәтерді таңдау құқығы беріледі. Ал жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандардан қалқан пәтерлер «сайт» арқылы кез келген азматтардың арасында үйлестіріледі. Осы бағыт бойынша биыл бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осы орайда кезекте тұраған – 1372 адам «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның үйлерін «жалға алуға» өтініш білдірген. Соның 181-нің төлем қабілеттілігі расталды.
Кезекте тұрғандардың баспаналы болуына бастайтын үшінші тәсіл, «Бәйтерек девелопмент» АҚ бойынша несиеге берілетін үйлер. 2017 жылы осы бағыт бойынша 447 азамат пәтер алған. Биыл тағы да 16 тұрғын үйдің 91 пәтері пайдалануға берілмек. Бұл бағыт бойынша берілетін пәтерлерде сатып алу құқығымен, жалға беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді бұл бағытта тек жергілікті атқарушы органында кезекте тұрғандар ғана ала алады. Ал, мемлекеттік бағдарлама аясында салынбаған пәтерлерді «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның өз шарттары негізінде кез келген азамат несиеге рәсімдейді.
1 бөлмелі пәтер үшін шамамен 48000 теңге, 2 бөлмелі – шамамен 70000 теңге, 3 бөлмеліні алатын болсаңыз, ай сайын 89 000 теңгені үзбей 18 жыл бойы төлеп отыруыңыз керек.
– Арендалы-коммуналдық немесе кредиттік негіздегі пәтерлерге қол жеткізу үшін ҚР азаматы жергілікті атқарушы органға белгілі бір санат бойынша кезекте тұру керек. Санатқа енетін азаматтың Шымкент қаласында 3 жылдан бері тұратынын растайтын мекенжай анықтамасы болуы және соңғы бес жыл көлемінде иелігінде тұрғын үйі болмауы шарт.
Егер кезектегі азаматтың статусы өзгерсе, онда ол кезектен шығарылады. Мәселен, кезекке тіркелген кезінде мемлекеттік қызметкер болып, жекеменшік мекемеге ауысса немесе жалғыз басты ана қайта тұрмысқа шықса, онда кезегі жойылады. Ал егер көп балалы, жалғызбасты ана қайта некеге тұрса, онда кезегі сақталады. Ол «жалғызбасты ана» санатынан «көп балалы ана» санатына ауысады,- дейді Гүлнәр Әшірбаева.
Айта кетер бір жайт, кредиттік негізде баспаналы болуға ниет білдіретіндердің көбісі төлем қабілетін растай алмайды немесе кредиттік тарихының бұзылғаны себепті «келісім» ала алмайды.
– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Бәйтерек девелопмент» АҚ бағыты бойынша алуға ниет білдірген азаматтың кредиттік тарихын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», ал «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағыты бойынша алатындардың несие тарихын «Банк центр кредит» тексереді. Әр банктің өз талаптары мен шарттары бар. Соған сүйене отырып, баспананы несиеге беру не бермеу туралы шешімді банктің өзі қабылдайды,- дейді Гүлнәр Әшірбаева.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №3, 16 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті