Шардарада электрлі қармақпен сазан балығын аулағандар ұсталды

343

Түркістан облысының Шардара су қоймасында «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары заңсыз балық аулағандарды ұстады

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Қызылорда өңірлік филиал инспекторлары мен Шардара орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің мамандары бірлескен рейдтік шара барысында Шардара су қоймасында тыйым салынған балық аулау құралдарымен заңсыз балық аулаған Мақтаарал ауданының екі азаматын құрықтады.

Заң бұзушылар үрлемелі резеңке қайыққа мініп, су қоймада электр тоғына қосылған қармақпен 60 келі сазан балығын заңсыз аулаған.

Оқиға орнынан 60 келі сазан балығы, үрлемелі резеңке қайық ескегімен, жел бергіш, прожектор, аккумулятор мен электр тоқ көбейткіші табылды.

Ұсталған азаматтар Шардара аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, факты СДТБТ-де тіркеліп, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 335 бабының 3 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.