Шымкентте құрылыс және энергетика саласындағы жабдықтар көрмесі аяқталды

295
қырғызстандық кәсіпорын басшысы Ахмед Билалға ұйымдастырушылар сертификат табыс етті

Көрме орталығында ұйымдастырылған құрылыс және энергетика саласының жабдықтары  көрмесі бүгін жұмысын қорытындылады.

Үш күн бойы күнгейлік кәсіпкерлер аталған саладағы жаңашылдықтар мен жаңа технологиялармен етене танысуға мүмкіндік алды. Бес мемлекеттен көрмеге қатысқан 38 компанияның өкілдері мен Қазақстандағы әріптестер арасында іскерлік қарым – қатынас орнату бағытында келісімшарттар түзілді.

Қырғызстандық кәсіпорындар шымкенттік өндіріс орындарымен байланыс орнатып та қойған. Өзбекстандық бауырларымыз құрылысы қарқын алған Шымкент және Түркістанға заманауи жабдықтарын жеткізуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Мухиддин Ниязмбетов, өзбекстандық кәсіпорынның өкілі

Мухиддин Ниязмбетов, өзбекстандық кәсіпорынның өкілі: «Біз оңтүстіккореялық әріптестерімізбен бірге  жеделсаты жасап шығарамыз. Көрмеге келгендер  қызығушылық танытуда. Бізге оншақты тапсырыс түсті. Байланысты ары қарай  жалғастыруға дайынбыз. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. 3 күн бойы шымкенттіктер мен өңір тұрғындары өніміміз жайлы толық ақпарат  алды. Кәсіпорнымызға  келуге ниет білдіргендер де болды».

Қырғызстандық кәсіпорынның  басшысы Ахмед Билалға ұйымдастырушылар сертификат табыс етті

Ахмед Билал, қырғызстандық кәсіпорынның өкілі: «Іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған көрменің пайдасы мол. Біз кеше «Шымкентмай» кәсіпорнында болдық. Онда біздің қазандықтар жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер алғысын жаудырды. Сұйық, қатты отынмен жұмыс жасайтын қазандықтарға өзге де  кәсіпкерлер қызығушылық білдіруде. Жоғары деңгейде көрмені ұйымдастырған ұйымдастырушыларға, қала әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамыз».

Келесі кәсіби құрылыс көрмесі сәуірдің 9 мен 11 аралығында  Ақтауда өтеді деп жоспарлануда.

Шынар Оразова