Сыбайлас жемқорлыққа қарсы апталық басталды

509

Шымкентте «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» апталығы басталды. Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр.

Осы акция аясында Департаменттің бастамасымен қала әкімдігінің қолдауымен 250-ге жуық жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Жалындаған жастар бүгінде өздеріне жасалып жатқан қамқорлық жәйін талқы таразысына тартты. Бастаманың басты мақсаты да сол – жас мемлекеттік қызметшілерді елімізге адал қызмет етуге, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге шақыру.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А. Есенгелдина ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Академияға түсуге ниет білдірген мемлекеттік қызметшілерге арнап тегін ағылшын тілі курстарын өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұдан өзге де жастарға жасалмақ игі істердің тізбегі жалғасын таппақ.

Бүгінде Шымкент қаласында 1800-ге жуық мемлекеттік қызметші болса, оның 22 пайызын жастар құрайды. Бір аптаға жоспарланған акция аясында тренингтер, дебаттар, галстуксыз кездесулер, спорттық іс-шаралар өткізілмек.

Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген жастар ешқандай «көкесінің» көтермелеуінсіз-ақ конкурс арқылы жұмысқа тұрғандарын айтып отыр. Солардың бірі Шерхан Кеңес бүгінде Абай аудандық әкімдігінде қызмет атқаруда.

Шерхан Кеңес, Абай аудандық әкімдігінің бас маманы: «Биыл жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. Ертеңгі еліміздің болашағы жастарға үлкен серпін берері анық… Жастар сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қарсы. Олар еліміздің, қаламыздың өсіп-өркендеуіне, сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстанды құруға атсалысуымыз керек. Өзгерістерді өзіңнен баста демекші, әр адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз бойында мәдениетті қалыптастырса, біз жемқорлықты міндетті түрде жоямыз».