Түркістанның үздік жастары. Олар кімдер?

337

Түркістан облысы жастарының арасынан «Үздік жас кәсіпкер» атағын – түркістандық ару жеңіп алды. Ал сарығаштық жігіт бүгіннің батыры атанды. Үздік жас мұғалімнің, дәрігердің, спортшының да есімдері мәлім болды. Өткен жылдың соңы – Түркістан облысында ҚР Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне орай облыс жастары арасында «Түркістан жастары» премиясы байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысында 27 саладағы үздік жас анықталды. Сонымен олар кім?

20 жасар үздік кәсіпкер

Ол – Ұлдана Байдалы. Түркістан қаласында өзінің шағын тігін цехын ашқан. 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ІТ–технология мамандығының 2-курс студенті.


– 1 курста оқып жүргенімде сабақтан тыс уақытым көп болды. «Соны пайдалы хоббиге жұмсайын» деп тігін курсына бардым. 5 ай оқыдым. Кейін «Неге мұны кәсіпке айналдырмасқа?» деген ой келді. Түрлі жолдарын іздестірдім. Ешкім көмектеспеді. Кеңес, күш, жігер, мотивацияны бизнес тренерлерден алдым. Сол ортадан Zhasproject.kz жобасы жайлы естіп, өз бизнес жоспарымды ұсындым. Нәтижесінде 1 млн тг ұтып алып, кәсіп бастадым. Кәсіп ашу оңай емес. Материал, техника, тіпті, моральді тұрғыда көптеген ауыртпашылықтар болды. Кәсіппен қатар оқу бар. Алғашқы жылы тәжірибе жинау үшін тегін жұмыс істедік. Кейін табыс түсе бастаған кезде қайырымдылықпен айналыстық. Енді ғана аяғымызға тұрып келеміз. Мойымай әрі қарай дамуға көмектескен де іс тігуді жан-тәніммен қалауым еді. Жұмыс көбейіп кеткенінде өзіме жақсы демалыс жариялап, қайта кірісемін. Қатарластарым қызық қуып, көңіл көтеріп жүр. Менің бос уақытым жоқ, бірақ ертеңім – айқын, табысым – тұрақты,- дейді Ұлдана.
Қазір Ұлдана мен оның командасы мектеп формасы, кешкі көйлектер, арнайы жұмыс киімдерін өз дизайнерлерінің сызбасымен тігеді.
– Тапсырыс күн сайын көбейіп жатыр,-дейді жас кәсіпкер. Ол кәсіпкерліктен бөлек IT-саласы және саяси жұмыстарға белсене араласқанды жаны сүйеді.

Бүлдіршіндер үшін өзін отқа тастаған

Байқауда Ғалымжан Әлеуханов «Бейбіт өмір батыры» номинациясының жеңімпазы атанды. Батыр десе батыр. Неге дейсіз бе? Екі бүлдіршінді отқа оранған пәтерден алып шыққан қайсар жігіт.


2017 жылдың 28 шілдесі. Алматы. Ғалымжан кезекшіліктен үйіне қарай көлігімен кетіп бара жатқан кезде көп қабатты үйдің отқа оранғанын байқап қалады. Өрт сөндірушілір, полиция, жедел жәрдем қызметкерлері, тұрғындар, жылап жатқан адамдар оны бей жай қалдырмайды. Сол кезде екі баласын құтқаруды өтініп, етегі жасқа толып еңіреп отырған әйелді көреді. Сұрастырса, екі баласы пәтерде қалып қойған екен.
– Асығыс едім әрі жұмылдырылған құтқарушыларды көріп, «кете берейін» деп көлігіме қайта отырдым. Сол еді, жаңа ғана жап-жақсы жүріп келе жатқан көлігім оталмай қалды. Бұл «Құдайдың маған берген белгісі» деп санадым да, жиналған адамдардың ортасына қайта бардым. Көп ойланып тұруға уақыт жоқ еді. Әрине, өрт шарпып тұрған үйге кіруге қорықтым, үрей болды. Бірақ балалардың тағдырын да ойладым. Бірден өрт сөндіруге арналған арнайы сатымен көпқабатты үйдің шатыры арқылы жоғары өрмеледім. Анадай у-шудың арасында мені ешкім де байқамай қалды. Шатыр арқылы үйге кірдім. Үйдің ішіне кіруге арналған есік ашық екен. 4-қабатқа түстім. Үй толығымен жанып кеткенін көрдім. Балаларды ойлағанымда қорқынышым еселене түсті. Бірақ оларды ата-анасының қолына тапсыруды ғана ойладым. Балалар 4-қабатта жоқ болып шықты. Бесінші қабатқа көтерілдім. Ауа жұту барған сайын қиындай түсті. Бірақ күртешемді қайта-қайта сулап шыдадым. 5-қабатта барлық есіктер ашық тұр екен, бір ғана есік жабық. «Бүлдіршіндер сол жерде» деп сендім. Бардым. Есік құлыптаулы. Менде ешқандай құрылғы жоқ. Сонымен жан-жақтан тапқан темір-терсекпен есікті ұра бердім. Балалардың періштесі көмектесті ме, әйтеуір есік ашылды. Есік ашылғанда бетіме жалын бұрқ ете қалды, тірі қалмайтын шығармын деп ойладым. Күйіп қалған кірпігім мен қастарым сөзіме дәлел. Сонымен, балаларды көк түтіннің ішінен бірден табу қиынға соқты, бірақ таптым. Екеуі де ес-түссіз жатыр еді. Күнделікті әскери өмірдегі дағыдылар маған көп көмектесті. 5 жасар Бақдәулетті жуынатын бөлмедегі сүлгіге орап, артыма байладым, Бекжанды қолыма көтеріп алдым.. Келген жолыммен қайтып, шатырға шықтық. Жасыратыны жоқ, шатырға шыққан кезде екі балаға қарайтын шама қалмаған еді. Қайта-қайта жөтеліп, есімді жия алмай отырдым. Кейін балаларды анасына тапсырдым. Тірі ме, өлі ме, ештеңе білмедім. Асығыс болғандықтан, үйге қайттым. Көлігім жүріп кетті,- дейді Ғалымжан Әлеуханов.

– Ертеңіне әдеттегідей жұмыста жүрсем, қалың адам мені іздеп келіпті. Ішінде мен алып шыққан балалардың ата-анасы бар. Мені әзер тапқандарын айтты. Ешкімге аты-жөнімді айтапағам. Әскери киімім арқылы іздеген екен. Бақдәулет пен Бекжанның аман қалғанын естіп, қатты қуандым. 1 аптадан кейін ол отбасын өзім іздеп бардым. Бақдәулет пен Бекжанның әкесі Мәлік ағам мен тәтем бүгінде туғанымдай болып кетті. Қазір өте жақсы араласып тұрамыз. Үнемі хал-жағдайларын білуге барып тұрамын,- дейді қаһарман.
Ол бұл әрекетін ерлікке баламайды. «Әрбір азаматтың парызы» деп біледі.
–Өрт болып жатқанында телефонға түсіріп, жай ғана қарап тұрғандарды көргенде қатты намыстандым. Істеген әрекетім жайлы ешкімге айтқан жоқпын. Өйткені ерлік жасадым деп есептемедім. Ата-анам, жора-жолдастарым Елбасының марапатынан кейін ғана естіді,- дейді ол.
Ғалымжан – Кентаудың тумасы. Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы 61993 әскери десанттық барлау шабуылдау батальонының реактивті оқшашар бөлімшесінің командирі. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Оның ерен ерлігін Елбасы да еледі. Қарулы күштердің Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев Ғалымжанды «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапаттаған.

Ағаш астау жасап, үйлі болды

«Үздік жас қолөнерші» – Нұрсұлтан Қарсыбаев (Сарыағаш ауданы). Ол ұлттық нақыштағы және одан да басқа көптеген бұйымдарды ағаштан жасайды. Қолөнермен айналысқанына 5 жылдан асқан. Негізі бұл кәсіпті ағасы бастаған. Соны кішкентайынан көріп өскен Нұрсұлтан да ағасының ісін жалғастырып келеді. Ағасы ашқан цехта жұмыс істейді. Онда Нұрсұлтаннан басқа тағы 5 жас жігіт еңбек етеді. Нұрсұлтанның айтуынша, қолөнер – жақсы табыс көзі. Әйткенмен қиындықтары бар.
– Қарағашты Алматы қаласынан тапсырыс беріп алдыртамыз. Бізде де өседі, тек олар аз су көріп өскен, сондықтан қарамайы (смола) көп болады. Мұндай ағаштан сапалы дүние шықпайды. Алушы өте көп. Сарыағаштан бөлек, Шымкент, Астана, БҚО барлық қалалары, Алматы, тіпті шетелден де сатып алушыларымыз бар. Біз тапсырыспен жұмыс істемейміз. Күн сайын қолымыздан келгенше бұйымдарды жасай береміз. Өйткені барлығы өтіп кететінін білеміз. Қазір цехта 6 жігіт жұмыс істейміз. Жетекшіміз – ағам. Бір жігіт бір күнде 10 астау жасайды. Әр астауды жасағаны үшін 2 мың теңге, оны лактағаны үшін тағы 2 мың теңге алады. Айлық алмаймыз, әр жасаған затымыз үшін ақша аламыз. Ең көп алатындардың табысы – 300 мың, ең азы – 100 мың теңге. Менің табысым – 150 мың теңге. Барлық жігіт баспаналы болды. Соған қарап, «қолөнер – табысты кәсіп» деп айта аламын. Мұндай дәрежеге дейін жетуімізге 4 жыл қажет болды. Бірінші жылы аяққа тұрудың амалдарын жасадық, табыс болмады. Кейін тұтынушылар да көбейді, бұған әлеуметтік желінің де әсері мол. Жарнама деген жақсы ғой,- дейді Нұрсұлтан.

Айтуынша, бұдан да көп зат жасауға болады. Тек заманауи техниканың жоқтығы қолбайлау. Мысалы, цехтағы құрал-жабдықтың 50%-ін өздері жасаған. «Компьютерлік станок болса, тауар түрін де кеңейтетін едік» дейді. Оны сатып алу үшін көп қаржы керек екен.

«Dombra» мобиль қосымшасының авторы

«Dombra» мобиль қосымшасын ойлап тапқан өнертапқыш, «Үздік жас ғалым» номинациясының иегері Нұрлан Қамбар – Ордабасы ауданының тұрғыны. Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінің (СДУ) «Инженерия» факультетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығында оқиды.


Ол «Dombra» мобиль қосымшасын Android, iOS жүйелеріне арнап жасаған. Мобилді қосымшаны смартфонға жүктеп, содан домбыра шертуді үйренуге болады.
Бүгінге «Dombra» мобиль қосымшасын 10 мыңнан астам адам жүктеген. Статистикаға сенсек, олардың бірқатары АҚШ, Қытай, Түркия, Германия, Ресей және көршілес мемлекеттердің азаматтары екен.
Нұрлан 2017 жылы «Машиналық оқыту» пәні бойынша семестрдің ең үздік қосымшасын «KrishaKolesaBot» телеграм-ботын құрастырды. Бот көмегімен нарықтағы тұрғын үй мен көлік бағасына болжам жасауға болады.

Үздік спортшы – Шыңғысхан

Шыңғысхан Қанатбекұлы кішкентайынан самурайлар туралы киноны сүйіп көреді. Сондағы кейіпкерлердің жекпе-жегін теледидардан көз алмастан қарапты. Соны байқаған әкесі ұлын 9 жасында таэквондо спортына берген. Қазір 15 жасар Шыңғысхан содан бері талай жарыстарда топ жарды. Бастапқыда апталап шет елдерге жарысқа кеткенінде, түрлі жарақат алғанында анасы қатты мұңайғанын көріп, қиналғанын айтады. Келе-келе баласының үздік көрсеткіштерін көрген анасы бұған үйренісіп кетіпті.
Шыңғысхан – таэквондодан екі дүркін Азия және Әлем чемпионы. Әлемдік чемпионаттардың жүлделі I орын иегері. 2015 жылы қара белбеу иемденген. Әлемдiк дәрежедегi спорт шеберiнiң үміткері. Алдағы уақытта тек спортпен шектеліп қалмай, заңгер мамандығына оқып, сол салада да үздік атанбақ.

Арыстың қызы «Үздік Жас Ұлан»

 

Арыстың тұрғыны Айгүл Ержігітова «Үздік Жас Ұлан» атанды. Е. Молдабаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы. Астана қаласында өткен «Бүгіннің баласы-болашақтың данасы» атты I республикалық шығармашылық байқауда көркемсөз оқудан «Гран-При» иегері. Облыстық «Арай-2018» мәдени іс-шара жүргізушілері байқауында «Шешен-сөздің шебері» арнайы жүлде иегері. Республикалық «Ана өмірдің гүлі», «Мәңгілік ел», «Ел айбыны-Рәміздер», «Бізді күтер бір бақыт» атты республикалық жас таланттардың шығармашылық байқауларының бас жүлде иегері. Арыс қаласы әкімінің «Жас дарын-2018» сыйлығының иегері.

Созақтың жастар орталығына ГАЗЕЛЬ берді

Облыстық байқауда «Үздік жастар ресурстық орталығы» атағын Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ жеңіп алды. Орталық 2011 жылдың 1 шілдесінде құрылған. Орталықта «Талантты жастарды қолдау» мен «Мониторинг және талдау» бөлімдері бар. Сонымен қатар, мекемеде психолог, заңгер, теолог жастарға өз қызметтерін көрсетеді. Орталық «Үздік жастар премиясында» жеңіске жетіп, NEXT – Газель автокөлігін ұтып алды.

27 номинация – 30 үздік
Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған «Түркістан жастары» премиясы байқауы 27 номинацияны қамтыды. Жоғарыдағы тізімде көрсетілген үздіктерден басқа да жеңімпаздар бар.

Олар:
«Үздік жас жазушы» – Нұрғазы Нұркен (Түлкібас);
«Үздік жас айтыскер ақын» – Нұрғали Анапия (Сарыағаш);
«Үздік жас мұғалім» – Дана Қуандық (Жетісай);
«Үздік жас дәрігер» – Сәкен Ордабеков (Түлкібас);
«Үздік жас өндіріс маманы» – Ерболсын Жаманқұлов (Кентау);
«Үздік жас ерікті» – Нұрсұлу Әбдәшім (Созақ);
«Үздік жас суретші» – Жайна Жұмабек (Түлкібас);
«Үздік жас дизайнер» – Дулат Әбешов Қалдыбайұлы (Түлкібас);
«Үздік жас актер» – Ыбырайым Бердіқұлов (Кентау);
«Үздік жас пікірсайысшы» – Ақан Бесбаев (Созақ);
«Үздік қоғамдық ұйым» – «Жалын» жастар ұйым» қоғамдық бірлестігі (Төлеби);
«Үздік жайдарманшы» – Нұрсұлтан Үсенов (Жетісай);
«Үздік шығармашылық ұжым» – Sulu models Turkestan (Түркістан);
«Үздік жас фото-тілші» – Асхат Әссанди (Ордабасы);
«Үздік жас журналист» – Ұлдархан Өрісбай (Шымкент);
«Үздік жастар теле бағдарламасы» – «НАР ТВ» телеарнасы (Шымкент);
«Үздік жас блогер» – Олжас Мамыр (Сарыағаш);
«Үздік жас ғалым» – Шамсудин Қанат (Түркістан);
«Үздік өзін-өзі басқару ұйымы»- ШЖҚ «Түркістан жоғары медицина колледжі» МКК (Түркістан);
Жоғары оқу орнының «Үздік студенті» – Ботакөз Унбаева (Түркістан);
Орта арнаулы оқу орнының «Үздік студенті» – Ардақ Әділбай (Кентау);
Үздік «Жас Ұлан» – Алтынай Маликаждарова (Сарыағаш)
Байқауға жалпы саны 145 жастан өтінім түскен. Комиссия отырысынан кейін онлай дауыс беру кезеңіне 67 жас өтті. Нәтижесінде 27 үздік жас анықталып, 3 жас ұйымдастырушылар тарапынан арнайы жүлдемен марапатталды. Үздік жастардың әрқайсысына облыс әкімі Ж.Түймебаевтың арнайы алғыс хаты мен 100 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.

АЙТПАҚШЫ…

«Оңтүстік Рабат» газеті және «Отырар» телеарнасының тілшісі Әлия Әділбек (Шымкент) – «Үздік жастар телебағдарламасының журналисі» деп танылды.

Әлия Әділбек – «Оңтүстік Рабат» газетіндегі «Тоқтама» жастар бетінің жауапты тілшісі. «Отырар» телеарнасындағы «Жас толқын», «Жастар уақыты» бағдарламасының жүргізушісі. Сондай ақ, жастар мәселелері тақырыбынан бөлек, жаңалықтар бөлімінде де қызмет етеді. Ата-анасы және бауырлары Петропавл қаласында тұрады. Әлия туыстарының басым бөлігі Шымкентте болғандықтан Шымқалаға жұмыс істеуге келген. 2016 жылы оқуын аяқтап, өз мамандығы бойынша еңбек етуді бастайды.
Әуелі жаңа ортаға үйренісе алмаған Әлия қазір Теріскейге қайтуды жоспарламайды. Өйткені осы жұмысында өзінің «жүрегінің жартысын» тапқан. Алдағы күндері сол азаматпен шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүруді жоспарлап жүр.
Әлия Әділбек – облыстық «Отан сүйгіштік – Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден бас-талады» үздік жарияланымдар байқауының «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша ІІ орын иеленген. Шымкент қалалық «Жастар орталығының» «Үздік жас тілші» номинациясы бойынша үздік жастар премиясын иемденген. Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпазы атанған.

«Оңтүстік Рабат» газеті, №2, 9 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті