Баспанаға басында үйі мен несиесі жоқтар ғана қол жеткізе алады

389

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасына құжат тапсыру басталды. Баспанаға қолайлы бағада қол жеткізгісі келгендер бүгін қалалық халықтық кеңсеге жиналды. Айта кетейік, бұған дейін Т. Рысқұлов көшесінде орналасқан орталық бүгінде басқа мекен-жайға ауысқан. Сол себептен бе екен, құжат өткізуге келгендер көп болмады.

Баспанасыз жүрген жанұяларға берілген мүмкіндіктің бірі «7-20-25» бағдарламасы. 7 пайыз бен 20 пайыз бастапқы жарна төлеу арқылы табысталатын пәтерлерге құжат бүгіннен бастап қабылдануда. Мамандардың айтуынша 25 жыл көлемінде төленетін баспана бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен.

Марат Оразәлі, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы: «Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар болуы керек. Яғни, үйлері болмау шарт. Шымкент қаласында тіркелген азаматтарға осы бағдарлама арқылы үйді үлестіру мәселесі бойынша тиісті шаралар жасап жатырмыз. 70-тен астам адам келіп, өздерінің құжаттарын өткізді».

Бағдарлама бойынша құжат тапсыруға келгендердің бірі – Қайырбек Әбілқасымов. Мемлекеттік жобаны ұлынан естіп білген қария баспананы немересіне алып бермек. Айтуынша мұндай бастамалар пәтерсіз жүрген жандарға үлкен мүмкіндік туғызбақ.

Қайырбек Әбілқасымов, қала тұрғыны: «Халықтық кеңсеге барып біліңіз деп балам айтты. Білейін деп арнайы келдім. Кеңес алуға. Немереме алайын деп жатырмын. Жасы 23-те. Соған көрейін деп едім. 20 пайыздық болғаны үшін. Себебі бірінші жарнасы 20 пайыз болып тұр. 20 пайыз болмаса оның айлығы жетпейді».

Сонымен, «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін пәтерлер «Нұрсәт» және «Шымсити» шағынаудандарында соғылып жатыр. Барлығы 246 пәтерге үйі мен несиесі жоқтар ғана қол жеткізе алады екен.