Кәсіподақ көпбалалы аналарға көмек қолын созуда

191

Түркістандағы медицина қызметкерлеріне көмек көрсетілді. Денсаулық кәсіподағы мен облыстық басқарма бірлесіп бастаған іс шара өңірдің 6 ауданын аралап шықты. 2019 жылдың бұл алғашқы қайырымдылық шарасы. Мақсат – ақ халаттылар мен денсаулық сақтау саласында жүргендердің жүгін жеңілдету.

Гүлайым Нұржанова – 6 баланың анасы. Ақ жаулықтының отбасына 2 ай бұрын қара бұлт үйірілген. Енді ғана немерелі боламын деп отырғанында, келінімен қоса өмірге келген жас сәби де өлім құшады. Содан бері қалған 4 немересін қолына алып бағуда. Үлкені 10 жаста болса, ең кішісі 4-те. Өзі 38 жылдан бері медбике болып қызмет етіп келеді. Жолдасы да, баласы да жұмыссыз. Осыны ескерген кәсіподақ оның отбасына арнайы келген.

Гүлайым Нұржанова, көпбалалы ана: «Тағдырдың тәлкегі ме, осындай жағдай болды. Бала үстінде кетті. Өзіміздің жұмыс орнымыз, басшыларымыз көмек беріп жатыр. Осындай жағдай болған соң, балаларды қолыма алдым. Енді оңай болып жатқан жоқ. Өзімнің 6 бала-шағам бар. Балаларымның барлығы тұрмыс құрып кеткен. Өзім қайтадан өз баламды өсіргендей. Қиыншылығы бар ғой енді. Балалардың қабағына қарап-ақ жүрегің езіледі. Әлі өз – өздеріне келе алмай жатыр».

Көмекке мұқтаж жаулықтылар тарту жасалғанда бей – жай қалмады. Көз жастарына ерік берген олардың әрқайсысы тағдыр сынағына түскен. Бірі 8 баласын жалғыз өзі бағып отырса, бірінің арқасүйерлері жұмысқа жарамсыз. Қайырымды жандардың шарапатын көрген олар Денсаулық кәсіподағына алғыстарын жаудырды.

Асхат Ақылбеков, Түркістан облыстық «Densaulyq» жұмыскерлердің жергілікті кәсіподағының төрағасы: «6 ауданды аралап, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп жатырмыз. Ертең Отырар, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас аудандарын аралап, ары қарай бәріне көмектесеміз. Көмек көрсету кәсіподақтан және медицина ұйымдарынан болып жатыр».

Алғашқы көмекті аналардан бастаған ұйым қайырымдылықты одан әрі жалғастыра бермек. 43 мекемені аралауды көздеп отырған олар медицина қызметкерлеріне жан-жақты көмек беруді көздейді.

Назерке Үкібасова