Шымкенттік тәртіп сақшылары жас қызды құтқарып қалды

260

Бұл оқиға тәртіп сақшыларының Шардара қаласындағы оқу-жаттығу кезінде болған, деп хабарлайды Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жергілікті тұрғындар жас қыздың жардан суға секіргелі тұрғанын көріп, кезекші бөлімге хабар береді. Мұны естіген Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ерекше тапсырма бойынша аға инспекторы Кеңес Ерімбетов пен әріптесі Әбдірашит Сержан Шардара су қоймасында қыздың ағып бара жатқанын көріп, дереу суға қойып кеткен.

«Су қоймасына жүгіріп барып, әріптесім екеуміз суға түсіп, қызды жағаға алып шықтық. Сол кезде бекеттегі полиция қызметкерлері шақырған медицина қызметкерлері мен құтқарушылар да келді. Ол мамандар қызға алғашқы көмек көрсетті», – дейді полиция капитаны Кеңес Ерімбетов.

Жас қыз Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оған психологиялық қолдау көрсетті.