Түркістандықтар жергілікті көкөністерді тұтынып отыр

441

Түркістан қаласында орналасқан  «Ерасыл»  жылыжайында  қыс мезгілінде қызанақ, қалған уақытта болгар бұрышы өсіріледі. Өндірілген өнім «Яссы» көкөніс базарына көтерме бағада саудаланады.

Жылыжайдың жылдық өнім алу қуаттылығы шамамен 45 тонна болгар бұрышы, 35-40 тонна қызанақ. Өз кәсібін кеңейтіп, жылдан жылға шаруасын шарықтатуды ойға алған жеке кәсіпкер Ерғали Жолдасбеков түркістандық тұрғындарды таза табиғи өніммен қамтып отыр.

Жылыжай жалпы аумағы 1,2 гектар жер телімінде орналасқан. Ал, жұмысшылардың жалақы мөлшері – 60-70 мың теңге көлемінде.

Отбасылық кәсіпті Ғани және Мәди есімді ұлдары жандандыруда. Іскер әкенің тынымсыз еңбегін үлгі тұтатын перзенттері шаруашылықтағы күтіп-баптау жұмыстарына дейін өздері жасауға машықтанған. Жылыжайда тамшылатып суару әдісін қолдану жолға қойылған. Бүгінде мұнда 30 мың түп болгар бұрышы егілулі. Ақпан айының ортасында егілген алғашқы көшеттерді күні ертең жиып-теру  жұмыстары басталмақ.