1 гектарға жуық егістік алқабынан есірткі тестес өсімдік тәркіленді

359

Келес АПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің полицейлері жедел-алдын алу іс-шаралары аясында ауданның барлық аймағын тінтіп, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, Келес АПБ-нің криминалды полиция басқармасының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесе отырып, Келес ауданындағы ауылдардың бірінің егістік алқабынан есірткі тектес «Көкнәр» өсімдігін тапты.

Ауданның тәртіп сақшылары анықталған алқапқа байланысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Есірткі тектес өсімдік егілген егістік алқабының жалпы көлемі 1 гектарға жуық аумақты алады. Егістік алқап тікенді металл сымдарымен қоршалған және жүгері дақылымен араластырып егілген.

Полицейлер айғақты зат ретінде егістік алқабынан «Көкнәр» есірткі затына ұқсас 7 мың түптен астам өсімдігін тәркіледі. Сараптама қорытындысы бойынша зерттеуге ұсынылған есірткі тектес 7 мың түптен астам өсімдіктің «ұйықтататын көкнәр» екендігі белгілі болды. Оның жалпы салмағы 300 кг-нан астам.

Оқиға орнында құрықталған ағайынды екі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған іске байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктілер қамауда.

Полицейлердің айтуынша, мұндай іске барған азаматтар, есірткі еккендер, оны сатып және өзгелерге ұсынғандар міндетті түрде жазаланады. Себебі, есірткі заттар шартарапқа тарап, бүкіл әлемдегі адамзаттың қауіпті дертіне айналған, шырмауына іліндіріп, еріксіз елітіп кететін дерт. Есірткінің, жас буынның болашағына түбегейлі балта шабуы да ғажап емес. Сондықтан да осындай жайттардың алдын алу, онымен күресіп, оны жою-сақшылардың уақыт күттірмейтін істерінің бірі.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі