Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары пәтер ұрлығының 40-тан астам жайтына қатысы бар, басқаның мүлкін ұрлауды кәсіп қылған қылмыстық топты жойды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемінің жалпы мөлшері бірнеше миллион теңге болған.
Полицияға белгісіз біреулер телефондарын, теңгелерін және де басқа бағалы заттарын үйлерінен ұрлап кеткендігі туралы шағымданған. Мысалы, жергілікті тұрғынның бірі мамыр айының басында түн ішінде үйіне түсіп, жалпы құны 100 000 теңгелік екі ұялы телефонын ұрлағанын хабарлаған. Аталған жайт ҚР ҚК –нің 188 «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынды.
Пәтер ұрлығын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жасақталған тергеп-тексеру тобы құрылды. Жедел-іздестіру тобы күдіктіні ұстап, мойындату мақсатында барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Ордабасы аудандық қызметкерлері жүргізген нәтижелі жедел-іздестіру шараларының арқасында қылмыстық топты Шымкент қаласында құрықтады. Олар Шымкент қаласының 4 тұрғыны болып шықты, олардың екеуі бұрында сотты болғандар екен.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтың бүгінге дейін Шымкент қаласы мен Ордабасы ауданында жасаған пәтер ұрлығының 42 жайтына қатыстылығы айқындалды. Жас күдіктілер түн жамылып, жәбірленушінің үйіне түсіп, негізінен телефондармен ақшаларды жымқырып отырған. Сондай-ақ, сәуір айында түн мезгілінде, Шұбарсу елді-мекеніндегі үйге ұрлыққа түсіп, тек қана ұялы телефон ұрлап қоймай, жәбірленушінің автокөлігіндегі 200 000 теңгесін қолды қылған. Қазіргі таңда, полицейлер «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Заттай айғақтар алынды. Күдіктілер қамалды.
Полицейлер өзгенің мүлкін ұрлау жайты бойынша күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Осындай ұрлықтың құрбаны болмау үшін, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкінің сақталуы үшін шаралар қолданып, сақ болуға шақырады. Өз үйінің және дүкендерінің, басқа да ғимараттарының есігі мен терезелерін сенімді құлыптармен, темір торлармен міндетті түрде бекіту керегін ескертеді. Сондай-ақ, дүкендер мен үйлерді мүмкіндігінше қарауылдық дабылқаққышпен, ішкі бейнебақылаумен және камералармен жарақтандыруды ұсынады. Егер сіз осы секілді оқиғаның құрбаны немесе куәсі болсаңыз, онда жедел түрде «102» телефонымен полицияға хабарласыңыз.