«Асар» шағынауданына техникалық су берілуде

379

«Асар» шағынауданына техникалық су беріле бастады. Алайда осыған дейін орын алған ағын су тапшылығына қарамастан асарлықтар амалын тауып жылыжайда көкөністерін өсіріп, өнім алуда.

Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығының мәлімдеуінше бүгінде елдімекендегі жылыжайларды ағын сумен қамту үшін «Асар су» мекемесімен құжаттар толықтырылып, су нысанын қала меншігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сейдулла Шынасыловтың «Асар» шағынауданында тұрып жатқанына он жыл болыпты. Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз үйінің ауласында соғылған жылыжайда бастапқыда қияр, қызанақ отырғызып, шаруашылығын жүргізген.

Сейдулла Шынасылов, «Асар» шағынауданының тұрғыны: «Жылыжайда өнім өсіргенмен пайдасы жоқ. Кейін судың, таксимен өнімді тасу шығыны ақталмағандықтан, өзім ауырып қалған соң қоя салдым».

Шымкентте жылыжаймен айналысатын жалғыз елдімекендегі шаруаның шатқаяқтауына мемлекеттен субсидия беру тоқтатылғаны да себеп болып отыр.

Асарлықтарға жақында техникалық су қайта беріле бастады. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар шағынауданды сумен үздіксіз қамту үшін ұңғымаларды «Асар су» мекемесінен қала меншігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Құжаттар толық рәсімделген бойда техникалық су кезеңімен кесте бойынша берілетін болады.

Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Техникалық судың тарифі әрбір тұрғынның суғарылатын жеріне байланысты текше метрі нешеден болатыны есептелуде».

Тарифті бекіту қиынға соқпайды. Тек ұңғымалардың бастапқы құжаттарының тұпнұсқасы табылса болғаны дейді басқармадағылар.

Шынар Оразова