Шымкентте жол апатынан мотоциклші қаза тапты

252

Бағдаршамға бағынбайтындардың кесірінен жол көлік оқиғасы орын алды. Шымкентте мотоцикл жүргізушісінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы Сайрам көшесі және Тәуке хан даңғылының қиылысында болды. Автокөлік пен скутердің соқтығысу сәті жол қозғалысын бақылау бейнекамерасына түсіп қалған.

Солға бұрылмақ болған «Ваз 15» автокөлігі басты жолда жүріп бара жатқан скутерге жол бермеген. Салдарынан адам өліміне соқтырған ауыр жол көлік оқиғасы орын алды. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жедел жеткенімен ауыр жарақат алған скутер жүргізушісін құтқарып қалу мүмкін болмады.

Қазір полиция қызметкерлері жол апатының себеп салдарын анықтауда. Соғылған автокөлік айып тұрағына жіберілді. Скутер жөндеуге келмейтіндей бүлінген.

Скутер жүргізушісінің артында әйелі, 3 баласы қалды. Балаларының үлкені – 11-де, ортаншысы – 8, ал кенжесі 5-те. Мотоциклшілер клубы марқұмның отбасына қаржылай көмек берген.