Түркістанда мерекеге орай «Жеңіс марафоны» өтті

163

Түркістанда Ұлы жеңістің 74 жылдығына орай «Жеңіс марафоны» өтті. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілген шараға 300-ге жуық адам қатысты. Марафон Ясауи кесенесі алдындағы Алматы арбатынан бастау алып, Нұрсұлтан даңғылы арқылы «Есім хан» алаңында мәреге жетті.

Сондай-ақ, «Жеңіс марафоны» Түркістан облысының өзге де аудандарында бір уақытта ұйымдастырылып, әрбір өңірден 1 мыңға жуық адам атсалысты. Түркістанда өткен марафонға қатысушылар шамамен 2 шықырымдай қашықтыққа жүгірді. Марафонның мақсаты – Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету.

Шарада Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмахаметәлі Бердашев қатысушыларды Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығын мерекелеу шеңберінде облыс әкімдігінің бастамасымен «Ұлы Жеңіс марафоны» өтуде. Оған Спорт мектебінің ұжымдары, жастар басқармасы, облыстық сот қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Сайыс жоғары деңгейде өтуде. Қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Барлығы 300 адам жүгірді», – деді Айтмахаметәлі Бердашев.