Жөндеуден өткен көпірдің сапасы сын көтермейді

222

Павлов көшесінен Республика даңғылына шығатын жалғыз төте жол осыдан 2 ай бұрын қалпына келтірілген еді. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Бүгінде өткелдің жиектері ұрланып, өзі қираудың аз-ақ алдында тұр.

Бұл Павлов көшесінен Республика даңғылына өтетін төте жол. Аттайын десе баспалдағы биік, ұстайын десе жиегі әлсіз өткелдің ортаңғы бөлігі де сын көтермейді. Сондықтан болса керек, 2 ай бұрын қалпына келтірілген көпірдің ұстағыштары да жұлынып үлгерген.

«Дәріханаға бару біз үшін қазір үлкен уайымға айналды. Балалар арбасын алып өту мүмкін емес. Кей кездері айналып жүруге тура келеді. Жасымыз келіп қалған біз үшін бұл бас ауруға айналды. Қала орталығында тұрып жатыр деген атымыз ғана. 5 минут әрі тұрған Республика даңғылына жету үшін құз бен жыраны жағалап өтетіндей күй кешеміз» дейді тұрғындар.

Республика даңғылына баратын төте жолдың жыры мұнымен бітпейді. Құлап кете ме деген көпірдің үрейі кеш бата еселене түседі. Себебі жарығы жоқ аумақта қас қарая бұзақылар бас қосады екен.

Аудан әкімдігінен бір апта бойы жауап күткен телеарнаға мамандар сүйінші жаңалығымен келіпті. Сөздеріне сенсек, күні ертең көпір түбегейлі жаңартылмақ. Ол үшін жауаптыларға 1 апта уақыт берілген екен.

Ерубай Құралбаев, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы: «Қошқар ата өзенінің үстінен өтетін аяқжол көпірдің осы аптаның ішінде жөндеу жұмыстарын бастап, бір апта мерзім ішінде аяқталатын болады. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан арнайы мекемеге тапсырма берілді. Алдын ала ақау актісі түзіліп, аталған көпірді күрделі жөндеу ұсынылып отыр».

Ал жарықшамды Павлов тұрғындарына тағы бір жыл күтуіне тура келеді. Жоспарда бар жарықтандыру мәселесіне қаржы бөлінсе, келесі жылы нүкте қойылмақ.

Назерке Үкібасова