Шымкент қаласының аумағында екі қорымда қоршау жұмыстары басталды. Қалалық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына қарасты 39 қорымның басым бөлігінің қоршауы бар. Алайда қалалықтарды алаңдататыны — зираттардағы тазалық жайы.
Тельман елді мекеніндегі мұсылман мазарын қоршау үшін қала бюджетінен 7 млн. теңге қаражат бөлінген. Мердігерлер моланың 850 метр аумағын темірмен қоршауға міндетті. Жалпы Шымкент қаласының аумағында 70 қорым бар, соның 39-ы ТҮКШ басқармасының балансында. Өткен жылы 8 қорым қоршалған болса, биылғы жоспарда Айнатас, Тассай және Таскен шағынаудандарындағы мазарлар тұр.
Ұлбике Мендарова, қала тұрғыны: «Шарбаққа көңіліміз толады. Оларға қоршауды мола көрінбейтіндей жасаңдар деген өтінішті біз айттық».
Ал тұрғындар қорымдардың қоршалғанын құптағанмен, ондағы тазалық мәселесіне көңілдері толмай тұр. Жыл бел ортасына таяса да қорымдарды күтіп ұстайтын мекеме әлі күнге анықталмаған. Салдарынан осы мақсатқа бөлінген 100 млн. теңге қос мердігердің келіспеушілігінен игерілмей жатыр. Бүгінгі таңда мазар іші қоқысқа толы. Егілген ағаштарды суғаратын су да тапшы. Өрт шықса, қайтпек керек деп алаңдайды ақсақалдар.
Шырақшы Мұрполат Каримов «Тазалық жоқ, суды сатып аламыз» дейді.
Шырақшылардың айтуына қарағанда мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты түйіткілдер былтыр да болған. Мәселен, Тельмандағы мұсылман қорымы өткен жылдың күз айынан бері тазаланбапты. Қаладағы өзге мүсылман және христиан мазарларында да тап осы жағдай.
Нұрлан Күдерұлы