Түркістан облысында еліміздегі ең үлкен жылыжай салынады. Қаржыландырушы — ресейлік инвесторлар. Жылыжай үшін қалталарынан 1 млрд. 100 млн. теңге шығармақ. Алайда, олар өз қаржыларынан бөлек облыс әкімінен жергілікті қазынадан 5 млрд. теңге бөлуін сұрап отыр.
Әзірге мұнда тек тікенек пен қурай өседі. Бірер жылдан кейін мұнда Қазақстандағы ең үлкен жылыжай тұратын болады. Ресейлік инвесторлар дәл осы жерді жылыжай орны ретінде таңдапты. 500 гектар аумақта қызанақ пен қияр өсіріледі.
Александр Рудаков, «Эко-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті: «Жобаны іске асыруға 6 — 7 жыл уақыт кетеді. Біз жылыжайларды Ресейде де, Өзбекстанда да салғанбыз. Алайда көлемі 500 гектар жылыжай салып көрмегенбіз. Бұл ең үлкені болайын деп тұр. 10 000 жұмыс орны ашылады».
Ресейліктер облыс басшысын желдете жауған жауын астында ұзақ күткеннен қиналған жоқ. Басында көңілді келген облыс әкімі инвестордың сөзін тыңдаған сайын ауа-райындай түнере берді. Шетелдік кәсіпкер Өмірзақ Шөкеевтен жергілікті қазынадан 5 млрд. теңге бөлуін сұрады. Жылыжайға су мен газ тарту үшін. Өмірзақ Шөкеевке бұл сөз аса ұнаған жоқ.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Газ жақын жерде. Энергетика да жақын орналасқан. Су 1,5 шақырымда болса, ол да қиын емес. Бұл үлкен сома. Болмаса, жерді ауыстыру керек. Облыста жылыжай салуға болатын жер көп қой».
Жылыжайдан жылына 200 000 мың тоннаға дейін өнім алуға болады. Оның 95 пайызы экспортталады. Себебі, ішкі нарықты облыста бұрыннан бар жылыжайлардан алынған өнім қамтиды.
Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Тек қана жергілікті өнім өткізу рыноктарын ғана есепке алып отырған жоқ. Мұның негізгі 95 пайызы экспортталады. Өзімізде 1-2 гектардан құралатын 900 гектар жылыжай бар. Соның өзі жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Негізінен Ресей Федерациясына экспортталатын болады».
Ресейлік инвестордың тілегін тыңдаған облыс әкімінің жауабы қысқа болды.
«Екі апта көлемінде біз сіздерге жауабын айтамыз. Не мәселені шешетін боламыз не болмаса басқа аумақтан жер бөлеміз».
Асылы, алынатын өнімнің 95 пайызын өз еліне әкететін бұл инвесторға не үшін жергілікті қазына 5 млрд. теңге беруі керек деген сұрақ ойландырған болса керек.
Меруерт Ахан