Жанып кеткен жатақхана тұрғындары өртенген бөлмелерін паналап жүр. Осыдан 1 ай бұрын Водопьянов көшесінде оқыс оқиға орын алған еді. Күтпеген жерден лаулаған жалын 40-тан астам жанұяны шарасыз күйде қалдырған.
Айта кетейік, өртенген жатақханада негізінен тұрмысы төмен отбасылар мен пәтер жалдап тұрушылар орналасқан. Баратын жер таппаған олардың кейбірі қазір күйік басқан үйде қонып жүр.
Қалбибі Үсенова телеарна тілшілерін көре сала көз жасына ерік берді. Етегі жасқа толған жалғызбасты ана үшін жатақханадағы аядай бөлменің өзі арман болған. Бірақ, тірнектеп жиғанына алған баспанасы өткен айда өртеніп кетті. Енді барар жер, басар тауы жоқ үшінші топ мүгедегі күйік шалған үйді паналаудан басқа амалы жоқ.
Өртенген жатақханада жан бағып жүргендердің тағы бірі — Асан Нахан. 60 — ты алқымдаған азамат осы жерді 20 жылдан бері паналап келеді. Екінші топтың мүгедегі ыстық тамақтың арманға айналғанын айтады. Себебі жарықсыз қалған үйде тоңазытқыштағы азық-түлік те тұрмайтын болған.
Асан Нахан, қала тұрғыны: «Баратын жер болса кетіп қалатын едік. Үйіміз жоқ. Жұмыстан алғанбыз бұл үйді. Оңай емес. Е ішетін тамағымыз жоқ. барлығы ашып кетеді. Істей алмаймыз ештеңені. Бір пиала шай ішесің соның өзіне ыстықтап, өлесің».
Тұрғындар базынасын айтып ауыз жия бергенде жауаптылардан жақсы жаңалық жетті. Елді 1 айдан бері уәдеге тойдырған олар далада қалғандарды Ә. Қастеев колледжінің жатақханасына орналастыратын болды. Еске сала кетейік, қала әкімінің өзі бұл істі бақылауында ұстайтынын айтқан еді.
Үйі өртенген тұрғындар құрылыс жұмыстары аяқталғанша студенттермен бірге тұратын болады.
Назерке Үкібасова