Елімізде шығарылатын газ автокөліктерге арналмаған

492
Автогаз көлік
фото Inform.kz

Шымкентте газбен жүретін көліктердің ақауы жиілеген. Арзан отынға қызыққан көлік иелері қазір техникалық қызмет көрсететін орындарда ұзын-сонар кезекте тұр. Көлік жөндейтін шеберлер мұны сапасыз отыннан көреді. Көлік жүргізушілерін әбігерге түсірген жағдай қашан реттеледі?

Еркін Тілеубаев тақымындағы темір тұлпарын 2 апта бұрын ғана сатып алған. Оның лезде бұзылып қалуын газбен байланыстырады. Сүзгісі толып қалыпты. Көлігін әрі арзан, әрі қоршаған ортаға да зиян тимейтіндей газ қондырғысын орнатқан. Содан бері небәрі мың шақырымдай жол жүрген ол енді көлігін шеберге көрсетуге мәжбүр болған.

Еркін Тілеубаев, қала тұрғыны: «Газбен жүретін датчиктерін ауыстырып жіберіп жатыр. Сосын көрсеткен едік фильтрі толып қалған екен. Газдың сапасыздығы ма әлде оның құрамында қоқыс көп болғандықтан ба кім білген?.. Фильтр толып қалып жатыр. Көлік шеберлері тек соны ауыстырды. Енді жүрген соң көреміз».

Көлік жөндеу стансасына көмек сұрап келушілердің арасында автосына газ жабдығын орнатқандар көбейген. Тіпті бір айда үш рет жүгінгендер бар екен. Тек көбі мұны камераға айтқысы келмейді. Біз бас сұққан орындағы шебердің сөзінше соңғы 1,5-2 жылда күніне екі-үш адам жүгінсе, қазір бірден оншақты көлік иесі осындай шағым айтатын болған.

Не керек, Шымкентте көлік жөндейтін орындарда жұмыс қызған. Шебер Руслан Мамадалиев соңғы кезде ақаудың жиі шығуының бір себебі отын сапасында болар деп топшылайды.

Руслан Мамадалиев, шебер: «Бірінші мәселе редуктордағы газ клапандарында. Екінші кезекте редуктордың өзі ұдайы бітеліп қалады. Бір көліктің ақауын жөндеп, алмастырып беру шамамен 10-15 мың теңге тұрады еңбегімізді қосқанда. Өйткені редуктордың іші түгелдей дерлік резеңке болатындықтан жаңасын алмастыруға тура келеді».

Бар кінә газдың сапасында дегенді әлеуметтік желілерде тараған мынадай бейнежазба иелерінің сөзінен аңғаруға болады. Алайда, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі телефон арқылы берген сұхбатында, өздерінде шығатын газдың автокөлікке арналмағанын айтты. Сығымдалған газ тұрмыстық мақсатта қолдануға арналған. Өңірдегі жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы да автокөлікке құюға арналған газ бізде шықпайтынын кесіп айтты.

Қайыпбек Қамбаров, өңірлік жанар-жағар май қауымдастығының төрағасы: «Елімізде үш зауыттан шығатын газ коммуналдық-тұрмыстық болып саналады. Ал енді кейбір жанармай бекеттеріндегі газ сатушыларда сапасына немесе оның тығыздығына ешқандай баға бере алмайды».

Кей мамандардың пікірінше, көліктің тек газбен жүруі оның тез бұзылуына әкеледі. Алайда, бұл тұрғыда нақты байлам жоқ. Жанар-жағармай қауымдастығы төрағасының айтуынша, өңірдегі көлікке арналған газ сапасы да өз алдына бір мәселе.

Мақпал Рысбаева