Шымкент «бақытты қалаға» айналмақ

210

Үкіметте Шымкент қаласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу мәселесі талқыланды. Алдағы жылдары қалада ауыз су, газ, жарық, су қашыртқысы секілді мәселелер түбегейлі шешімін таппақ. Шымкенттіктер бұдан өзге қандай игілікке қол жеткізеді?

Шымкент алдағы уақытта 10 бағыт бойынша дамиды. Жалпы 89 жоба жүзеге асады. Қаланы дамыту барысында атқарылатын шараларға кететін қаржы орасан. Бюджетке салмақ салмау үшін жеке инвесторларды тарту қажет.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Кешенді жобаны іске асыруға 1 трлн. 284 млрд. теңге керек. Оның 836 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын болады».

Алдағы жылдары көпшіліктің бас ауруына айналған ауыз су, газ, жарық, су қашыртқысы секілді мәселелер түбегейлі шешімін таппақ. Жоғарыда аталған коммуналдық қызметтердің жұмысын оңалту үшін 30 жоба іске асады.Сонымен қатар, алдағы жылдары Шымкентте тұрғын үй мәселесі де оңынан шешілмек. Жаңа үйлер салынып, әрбір тұрғын үшін шаршы метрдің көлемі 24-тен 27-ге дейін артады. Бүгінде өзекті проблема болып тұрған үш ауысымды мектептер де жойылмақ.

«Қала халқының санының өсуіне байланысты жыл сайын оқушылар саны 10 000-ға артады. Бүгінгі таңда 19 мектептің 3 ауысымға өту қаупі бар. Осыған орай, 23 500 орындық 15 мектеп соғылады. Және жан басына шаққандағы қаржыландырудың енгізілуіне байланысты жеке мектептер соғылатын болады», деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов «Шымкент қаласының экономикасы 3,5 триллион теңгеге дейін артуы тиіс, нақты көрсеткішпен қарайтын болсақ, жылдық орташа өсім 5,5 пайызға тең болады» деп атап өтті.

Руслан Дәленов, Ұлттық экономика министрі: «60 000-ға жуық жұмыс орны құрылады. Экономика құрылымында қызмет көрсету секторы, өнеркәсіп, құрылыс және сауда үлесін көбейту күтілуде».

Айтылған жоспарлар жел берді ме, әлде алдағы болашақты баянды болары қанат бітірді ме, Үкімет басшысы сезімін жайып салды.

Үкімет мүшелері жақсы отырғаннан кейін бе кешенді жоспарды бекітуге ешкім қарсы шықпады. Енді жақсы отырып айтылған дүниелер уақытымен іске асса, Шымкент жаңаша жайқалмақ!

Меруерт Ахан